Берденов ісі: Ернар Жиембайға қатысты үкім заңды күшіне енді

Ернар Жиембайға қатысты үкім заңды күшіне енді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Ернар Жиембайға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қарады.
Осыған дейін бірінші сатыдағы соттың үкімімен Е.Жиембай ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі — 99-бабының 1-бөлігімен (адам өлтiруге оқталу) кінәлі деп танылып, ол 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған.
Үкіммен келіспеген жәбірленуші, сотталушы мен оның қорғаушылары апелляциялық тәртіппен сотқа қайтадан шағым түсірген болатын.
Жәбірленуші тарап өз шағымында, Ернар Жиембайды ҚК-нің ауыр бабымен, яғни ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі — 99-бабының 2-бөлігінің 2) және 6) тармақтарымен кінәлі деп тануды сұраған.
Сотталған және оның қорғаушылары өз шағымдарында Ернар Жиембайдың әрекетін ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабының 1-бөлігінен ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігіне (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) қайта саралауды және оған осы баппен белгіленген ең төменгі бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған.
Прокурор үкімді өзгеріссіз, апелляциялық шағымдарды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.
Алқа істі қарап, бірінші сатыдағы соттың Ернар Жиембайдың кінәлі екені туралы тұжырымдарымен келісті. Іс бойынша қабылданған сот үкiмiнiң күшiн жоюға не оны өзгертуге ҚПК-нің 433-бабында көрсетілген негіздер анықталмады. Сол себепті, 2025 жылғы 9 қазандағы қаулысымен үкім өзгеріссіз қалдырылды, — деп хабарлады Шымкент сотының баспасөз қызметі.
Сот актісі заңды күшіне енді.
Еске салайық, Шымкент әкімі Руслан Берденовке 21 сәуірде қалалық әкімдіктің ғимараты жанында қастандық жасалды. Оған оқ атылып, жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Оқ атуға Шымкент әкімдігіне қарасты серіктестіктің қызметкері күдікті деп танылған. Қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды. Бастапқыда оқиғаға қызғаныш не әдепсіз қылық себеп болуы мүмкін деген болжам жасалды.
Сондай-ақ Руслан Берденовті атқан күдікті Ернар Жиенбайдың әйелі де мәлімдеме жасаған еді.
2025 жылдың 28 шілдесінде Шымкентте Берденов ісі бойынша сот процесі басталды. Алайда Берденов сотқа келмегенін хабарладық.
Аталған іске қатысты 13 тамызда Шымкентте өткен сот отырысында куәгер қызметтен босату жайын растады.
2025 жылғы 20 тамызда Берденовке қастандық жасаған Жиембайға сот үкімі шықты.