Алматыда кептеліске қарсы жаңа жол белгілері пайда болды

Алматыда көлік қозғалысын ретке келтіру және кептелістердің алдын алу мақсатында бірнеше жол қиылысына жаңа жол таңбасы сызылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, бұл таңба Абай – Назарбаев, Абай – Момышұлы және Төле би – Розыбакиев көшелерінің қиылыстарында пайда болған.
“Вафельді” таңбаның мақсаты – жүргізушілерге қиылыс бос болмаса, оған кіруге болмайтынын ескерту. Ол ҚР жол қозғалысы қағидаларында көзделген және көлік ағынын тиімді басқаруға бағытталған.
Бұл шара жиі кездесетін жасанды кептелістердің санын азайтуға бағытталған. Мұндай жағдайлар көбінесе жүргізушілердің бос емес қиылысқа шығуынан туындайды. Жаңа таңба көлік қозғалысын ретке келтіріп, жол қауіпсіздігін арттыруға көмектеседі, — деді Алматы полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.
Еске салайық, бұған дейін Астана-Теміртау жолында қауіпсіздік жүйесі іске қосылғанын хабарлаған болатынбыз.