Қазақстанда жұмыс берушілер ұсынған ең жоғары жалақы белгілі болды

Қыркүйекте Қазақстанда ең жоғары жалақы бас құрылысшы, шахта бұрғылау машинисі және өндіруші өнеркәсіп учаске бастығының орынбасары қызметтерінде тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, «Enbek.kz» электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер ұсынған ең жоғары жалақы көлемі:
Бас құрылысшы – шамамен 705 мың теңге,
Шахта оқпандарын бұрғылау қондырғысының машинисі – 700 мың теңге,
Өндіруші өнеркәсіптегі учаске бастығының орынбасары – 681 мың теңге болған.
Ал үміткерлердің ең жоғары жалақыға деген үміті мына лауазымдар бойынша байқалды:
Коммерциялық әуе лайнерінің ұшқышы – 2,8 млн теңге,
IT-сектордағы техникалық директор – 1,4 млн теңге,
Құрылыс саласындағы бөлім басшысы – 1,2 млн теңге.
Министрліктің мәліметінше, бұл көрсеткіштер еңбек нарығындағы жалақы айырмашылығын және жоғары білікті кадрларға деген тұрақты сұранысты көрсетеді.
Салалар бойынша ең белсенді бағыт — білім беру (55 мыңнан астам бос орын, 40%), одан кейін басқа қызмет түрлері (12%) және денсаулық сақтау саласы (7%). Ең белсенді жұмыс берушілер Астана, Алматы қалалары мен Павлодар облысында тіркелсе, жұмыс іздеушілердің көбі Түркістан, Шымкент және Қызылорда өңірлерінен болған.
Жұмысшы мамандықтар ішінде сұраныс өндіріс (23,5 мың бос орын), көлік және логистика (5,9 мың) және білім беру (4,4 мың) салаларында жоғары. Нақты мамандықтар бойынша ең көп ізделгендер — автокөлік жүргізушілері, тәрбиеші көмекшілері және санитар мамандар, — деп жазылған хабарламада.
Жұмыс іздеушілердің басым бөлігі — 34 жасқа дейінгі азаматтар (63,8 мың түйіндеме). Оның ішінде ең белсенді топ — 16–24 жастағы жастар. Әйелдердің үлесі де басым. Олар барлық түйіндемелердің 59%-ын құрайды.