«Шымкент-циркіне» 10 жыл

0

Елдегі эпидемиялық жағдайға байланысты «Шымкент-Цирк» мекемесінің жұмысы уақытша тоқтатылған болатын. Енді цирк санитарлық талаптарды сақтай отырып, ASHYQ қосымшасы арқылы өз жұмысын қайта бастады.

«Шымкент-Циркі» көпшіліктің сұрауы бойынша “Family circus” қойылымын көрермендердің назарына ұсынады. Бұл бағдарлама «Cirque du Soleil» циркінің бағытында аңдарсыз өтеді.

Қойылымда әртістердің әуеде ұшуы, батылдық шеңберінде сақтандырусыз өнер көрсететін акробаттар, жас әртістердің дебюттік нөмірлері, клоундардың күлкіге толы жаңа репризалар секілді жаңа нөмірлері бар. Сондай-ақ, Джаз оркестрі танымал композицияларды, шетелдің классикалық музыкаларын жанды дауыста сүйемелдейді.

Қойылым 20 тамыз күні, сағат 16:00-де басталады. Бағдарламаның ұзақтығы 80 минут, 5 жастан жоғары балалар мен ересектерге арналған. Билет бағасы 1500 теңгеден жоғары. Ұжымдық жеңілдіктер де қарастырылған. Билеттер онлайн кассаларда сатылады.

Айта кетейік, «Шымкент-циркі» – әлемдегі ең жас цирктердің бірі. Мекеме биыл 10 жылдық мерейтойын атап өтеді. Өнер ұжымы 2021 жылды «Аңсыз цирк» бірегей эксперименталдық жобасымен бастаған еді. Ендігі кезекте ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Шымкент Цирк» мекемесінің 10 жылдығына орай 30 онлайн іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.

Ең алдымен арнайы дайындалған бағдарламалар бойынша әр түрлі қойылымдар мен шоу-концерттер өтеді. Әлемдік цирк әртістерімен сұқбат жүргізіліп, цирк тарихы мен жұмыс барысы туралы түрлі сюжеттер шығады. Цирктің 8 жанры бойынша қойылымдарды ашық аспан астында, қаламыздың көрікті жерлерінде түсіру жоспарланған.


ПІКІР ЖАЗУ