ШЫМКЕНТ: «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында әскери үшсайыс жеңімпаздары анықталды

0

 

Шымкент гарнизонындағы механикаландырылған бригаданың әскери қызметшілері Тараз қаласында өткен әскери үшсайыстан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы бойынша іріктеу чемпионатының жеңімпаздары атанды.

Дүбірлі додада «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерден 9 команда, оның ішінде 27 әскери қызметші бақ сынасты. Екі күнге жоспарланған жарыс барысы жекелеген және командалық есептің біріншілігінде қызу тартысты болды. Әскери спортшылар гранатаны қашықтыққа лақтырудан сайысқа түсіп, оқ ату жаттығуларын орындады. Жалпы әскери жаттығулар кешенінде 400 метр қашықтыққа кедергілер жолағынан жүгіріп өту жарысы да бар.
Сайыстың қорытындысы бойынша Шымкент гарнизонындағы механикаландырылған бригаданың әскери қызметшілері жекелеген және командалық есепте үздік нәтижесімен бас жүлде алып, жеңіске жетті. Жекелеген есепте жеңімпаз атағын сержант Әсілбек Қарабайға берілді.
— Оқуда қиын – ұрыста оңай демекші, біз бұл сайысқа жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес екі ай бойы тынымсыз дайындалдық. Осындай жігіттердің жеңіске деген ұмтылысы және гарнизон басшылығының қолдауымен жеңіске жетіп отырмыз. Алдағы уақытта өтетін Қарулы Күштердің чемпионатында да жеңімпаз атануға бар күш-жігерімізді саламыз, — дейді команданың бас бапкері майор Мадияр Бабаханов.
Жеңімпаз атанған Шымкент гарнизонының командасы ағымдағы жылдың 22-25 қыркүйегі аралығында Алматы қаласында өтетін Қарулы Күштердің чемпионатында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының намысын қорғайтын болады.


ПІКІР ЖАЗУ