БИЫЛ АШЫЛҒАН МЕКТЕПТЕР ЦИКЛІ: «TM AND ART EDUCATIONAL SCHOOL»

0


Шымкентте халық саны қарқынды өсіп келеді. Миллионан астам тұрғыны бар қаланың мектептеріне биыл 233 мыңнан астам оқушы барды. Оның ішінде 25 мың бала мектеп табалдырығын алғаш мәрте аттады.

Халық санының өсуі жаңа мектептер ашу мәселесін өзектендірді. Мектептер жетіспеушілігі мәселесін шешуде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік оң нәтижесін көрсетіп келеді. Қаланың іскерлік ортасы білім саласын жетілдіруге үлес қосуда. Қазір Шымкент білім саласына инвестиция тарту бойынша республикада көшбасшы қала санатында.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде табысты жүзеге асқан жобалардың бірі — «TM and ART educational school» мектебі. Қонаев даңғылы бойындағы бұрыңғы сауда орталығы бастауыш мектеп ретінде қайта құрылымдаудан өткізіліп, биылғы оқу жылында алғашқы оқушыларын қабылдады. Қазір мектепке 202 бала қабылданып, елімізде қабылданған жалпы білім беру стандарттарына сай қазақ және орыс тіліндегі оқу сыныптары ашылған.

Жекеменшік білім беру нысанында модификацияланған пән кабинеттері жасақталған, оқу сыныптары интерактивті тақталар және панельдермен жабдықталған. Балалар қауіпсіздігін сақтауда бейнебақылау жүйелері орнатылып, ата-аналар өз перзенттерінің білім беру ұйымындағы іс-қимылын смартфон арқылы онлайн-режимде бақылай алады. Мектепте спортзал, кітапхана, асхана, гимнастикалық зал қарастырылып, робототехника пән кабинеттері жасақталған.

Мектепте ата-аналардың қалауы бойынша ақылы түрде түрлі шығармашылық топтар мен үйірмелер жұмыс істейді. Дизайн, таэквандо, дзюдо, хореография, көркем гимнастика, этика, сурет салу, брейк-данс және ағылшын тілі үйірмелерінің жетекшілігіне кәсіби мамандар, оның ішінде жоғары білікті шетелдік ұстаздар тартылған. Білім беру ұйымында логопед маман да қарастырылып, тіл кемістігі бар балаларды дұрыс сөйлей білуге дағдаландырады.

Жекеменшік білім беру ұйымдарына бюджеттік мектептерге қойылатын талаптар қолданылады. Ұстаздардың біліктілігі мен балалардың білім деңгейі салалық мемлекеттік құрылымдар тарапынан тұрақты бақылауда болады.


ПІКІР ЖАЗУ