Түркістан облысының шаруалары төрт түліктерін жаппай сатып жатыр

0

 Түркістан облысының шаруалары төрт түліктерін жаппай сатып жатыр. Себеп – қысқа жем-шөп жиналмаған. Ұсыныстың көптігінен малдың құны жоқ дейді саудагерлер. Үкіметтің қуаңшылық салдарымен күресі жайлы жоспары не болды, деп хабарлайды  kz.otyrar.kz

Түркістан облысындағы Қарабұлақ базарында қыс жақындаған сайын сауда қызып жатыр. Саудагерлердің сөзінше қыстан малын аман алып шыға алмайтынын сезген шаруалар базарға қарай ағылған. Сондықтан мал сатып алам деушілерден, мал сатамын дегендер әлдеқайда көп. Ордабек Бейсенов қыс түскенше малының тең жартысынан құтылу үшін апта сайын базарға келеді. Сұраныстың төмендігінен ұсынған бағаға сатып жатырмын дейді. Ордабек Бейсенов, шаруа: «Жем-шөп қымбат. Ал, малдың бағасы арзан. Мен өзімде 600 бас қой бар. Соның ішінде 250-ін сатып отырмын. Базар сайын 50-60 мал әкелеміз». Нұрмұхамед Іңкәртегі оңтүстікке сонау Маңғыстаудан келген. Базарға елу бас жылқы айдап келген шаруа мал арам қырылып жатқанын айтады. Нұрмұхамед Іңкәртегі, шаруа: «Бүгін барсақ, 10 құлын болса, ертең 5-ақ құлын қалады. Қырылып қалып жатыр даладағы малдың бәрі. Шөлдеп. От жоқ, шөп жоқ. Көтерем мал. Құлын тастап жатыр. Сылдыр сүйегі қалған. Қу сүйектері қалған. Өзін-өзі көтере алмайды. Аяқтан тұра алмайды. Былтыр өзімізде осылар 120 мың болатын. Қазір 100-ге тартпай тұр». Биыл оңтүстікте қой 10-15 мың теңгеге, қара мал 30 мың теңге, ал жылқы 40-50 мың теңгеге арзандаған. Шаруалардың шағымына қарамастан, ауыл шаруашылығы министрлігі көмек барлығына бірдей берілді, ақша игерілді дейді. Дамир Егізбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы:
«Маңғыстау және Қызылорда облыстарына мал азығын сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеуге Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінді. Маңғыстау облысына 1,9 млрд теңге бөлініп, 1,2 млрд теңге игерілді». Қуаңшылықтан тек Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында 1700-ден астам бас мал қырылды. Оның басым бөлігі жылқы. Ал министрліктің уәдесіне сеніңкіремейтін шаруалар қыс түскенше қолдағы малынан құтылуға асық.

Назерке Үкібасова



ПІКІР ЖАЗУ