Украинаның орталық аймағына 13 зымыран құлады. Кемінде үш адам қаза болды

0

 Сенбі күні Ресей әскері жіберген 13 зымыран Украинаның Кировоград облысындағы әскери аэродром мен теміржол инфрақұрылымына құлады. Кемінде үш адам қаза болды деп хабарлады аймақ губернаторы.

 «Тоғыз украин солдаты жараланды, бір әскери қызметкер қаза болды, электр станциясының екі күзетшісі опат болды» деді аймақтың әскери әкімшілік жетекшісі Андрей Райкович. Ол Телеграм парақшасында облыс орталығы Кропивницки қаласына теңізден сегіз Калибр қанатты зымыраны, ұшақтан алыс қашықтыққа ұшатын X-22 зымыраны жіберілгенін айтты. Жақын маңдағы бір аудан жарықсыз қалған. Ресми орындар оқиға орнында құтқарушылар жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

 Ұлыбритания барлау агенттігінің 23 шілде күнгі хабарламасына сәйкес, соңғы екі тәулікте елдің оңтүстігіндегі Херсон облысында қызу шайқас жүріп жатыр. Ақпаратқа қарағанда, Ресей күштері Ингулец өзені бойындағы шайқаста артиллерия қолданған. «Өзеннің батысындағы Ресей күштерінің жабдықтау линиясына қауіп төнді» деп хабарлады Ұлыбритания қорғаныс министрлігі.



ПІКІР ЖАЗУ