Жол қозғалысы ережесін 62 рет бұзған түркістандықтың ісі сотқа жолданды
Елімізде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында «Қорғау – қауіпті жүргізуші» жаңа бағдарламасы іске қосылды. Аталған бағдарлама арқылы Түркістан облысының полицейлері жолдағы заң бұзушылықтарды анықтап, жүгенсіз кеткен жүргізушілерді жауапқа тартуды қолға алды. Мәселен, бүгін полицейдің планшетіне Тәуке хан даңғылы мен Тынышқұлов көшесінің қиылысында «Toyota» маркалы көліктің жалған мемлекеттік нөмір таққаны және төленбей жүрген айыппұлдары бары жөнінде белгі берілді. Дабыл түсісімен полицейлер аталған көлікті тексеру мақсатында тоқтатып, құжаттарын қарады. «Жүргізуші көлігіне жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін таққан. Сондай-ақ, 62 заң бұзушылық жасап, 1 миллион 600 мың теңгеден астам айыппұл бойынша берешегі бар болып шықты. Аталған автокөлік айыптұраққа қойылып, жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігімен хаттама толтырылып, сотқа жолданды.
Полицейлер тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілді», — дейді Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Әбдіжаппарова. Айта кетейік, соңғы 10 тәулік ішінде облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығы мен Түркістан қалалық полиция басқармасының полицейлері бірлесе отырып, жол ережесін бұзған 961 автокөлік жүргізушісін анықтады. Айыптұраққа 148 көлік қойылды. Ал, «Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасы аясында 180 автокөлік тоқтатылып, 109-ы айыптұраққа жеткізілді. 71 автокөлік жүргізушісіне түсіндірме жұмыстары жүргізілді.