Көктемгі су тасқыны: Абай облысында жағдай тұрақты ма

0

Абай облысының қала, аудандарында үйлерді су басуына жол бермес үшін бірқатар іс-шара атқарылып жатыр. 

Қазіргі таңда Жарма ауданында қар тазалау жұмыстарына 16 техника және 40 адам жұмылдырылған.

«Мердігер мекемелер ауылдық округ аумағынан 24 900 шаршы метр қар шығарды. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен ауылдарда 40 арық, 148 су өткізгіш құбыр мен 21 көпір бар. Ауданның 19 округіндегі су өткізгіш құбырларды, еріген су жүру арналарын және барлық көпірді қардан тазарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр», — деп хабарлады облыс әкімдігінен.

Бородулиха ауданында қар тазалауға 70 техника тартылды. Арнайы техника қатарында автогрейдерлер, аспалы шнекоротор, тракторлар, тиегіштер және К-700 бар.

«Бүгінде 35,5 мың текше метрден астам қар шығарылды. Аудандағы 16 көпір толықтай қардан тазартылды. Су өткізгіш құбырларды тазарту жұмыстары жалғасуда», — делінген ақпаратта. 

Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Мақаншы ауданы Бақты ауылына барып, жағдаймен танысты. Ол үйлерін су басу қаупі төнген жергілікті тұрғындармен кездесті. 

«Біз көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Басты мақсатымыз – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Тұрғындарды және олардың мүлкін қорғау үшін барлық күш-жігерді жұмсауға дайынбыз. Қажет болған жағдайда жергілікті атқарушы органдар зардап шеккендерге көмек көрсетуге әзір, сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ», — деді әкім. 

Еске салсақ, 9-10 наурызда еріген қар суының салдарынан Бақты ауылын су басу қаупі туындаған еді. Жергілікті атқарушы органдар мен ТЖД бірлескен жұмысының нәтижесінде қызыл судың үйлерге кіруіне жол берілмеді. 


ПІКІР ЖАЗУ