Газ экспортын жандандыру салаға салынған инвестицияны қайтарады

Елордада «Газ саласындағы баға қалыптастыру реформасы: себептері, салдары және тұтынушымен байланыс» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі. Күрделі әрі еліміздегі әр азаматқа қатысы бар мәселені талқылауға саланың жетекші мамандары мен сарапшылар қатысты.
Petroleum журналының баспагері Олег Червинский газ саласындағы баға қалыптастыру реформасына қатысты өз пікірін білдірді. Газ саласындағы баға реформасы пісіп-жетіліп қана қоймай, тіпті кешігіп отыр. Сондықтан бұл мәселеде тәуелсіз сарапшылар мен сала өкілдерінің пікірін тыңдау өте маңызды, – деді ол.
«QazaqGaz» АҚ баға саясаты және мониторинг департаментінің директоры Нұрсұлтан Ешмұхан газдың маңыздылығы артып келе жатқанын атап өтті.
Газ – көмірсутектерге қарағанда экологияға зияны азырақ. Газ станциялары тұтыну шегіне тез бейімделе алады. Газ – сенімді әрі болашағы бар энергия көзі. Алайда ішкі нарықта газды арзан сату «QazaqGaz»-ға жыл сайын шамамен 200 миллиард теңге шығын әкелуде. Мәселен, газды сатып алу және жеткізу құны 33 742 тг болса, көтерме баға 22 037 тг ғана. Мұндай жағдай саланың дамуына кедергі келтіріп отыр, — деді ол.
Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдау орталығының төрағасы Расул Рысмамбетов субсидиялау жүйесіндегі олқылықтарды айтты. Қазіргі көмек жүйесі – мақсатсыз. Мұқтаж емес адамдар да субсидия алып отыр. Цифрландыру арқылы бұл көмекті нақты мұқтаж жандарға бағыттауға болады, — дейді сарапшы.
PACE Analytics директоры Айаал Егинов қателіктерге тоқталды. Газ бағасын дұрыс белгілемеу – қымбат газдан да қауіпті. Бұл – шығын, жаңартылмайтын инфрақұрылым, тоқтаған даму деген сөз, – деді.
Саясаттанушы Марат Шибұтов та пікірін ортаға салды.
Егер газдың көтерме бағасы 100 доллар болмаса, ешкім оны өндірмейді. Тіпті кейбір компаниялар газды қайта жер астына айдай салады. Қазір бағаны дұрыстамасақ, болашақта газ тапшы болады, – деп ескертті.
Ол сондай-ақ 2023 жылы газға 40 мың кәсіпорын қосылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 36 мыңға дейін төмендегенін мәлімдеді. Сарапшы Асқар Исмаилов жер қойнауын пайдаланушылардың құқықтарын қорғау мәселесін көтерді.
Егер оларға газды ішінара экспорттауға рұқсат берілсе, инвестицияларын қайтаруға мүмкіндіктері болар еді, – дейді ол. Қорытындылай келе сарапшылардың пікіріне сәйкес, газ саласы дағдарыс шегінде. Жоғары шығын, тиімсіз субсидиялау және баға саясатының ескірген жүйесі — барлығы елдің энергетикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Егер тез арада жүйелі шешімдер қабылданбаса, жақын арада газ тапшылығы, инфрақұрылымның құлдырауы мен экспорт мүмкіндігінің жойылуы – нақты қауіпке айналуы мүмкін.