Республика күніне орай кейбір астаналықтарға біржолғы төлем беріледі

0

 Республика күніне орай кейбір астаналықтар қаржылай төлем алады. Бұл туралы Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мәлім етті, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.

Төлем Астана қаласы мәслихатының 2023 жылдың қазан айында бекіткен әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және көмек алуға құқылы азаматтардың жекелеген санаттарының тізімін анықтау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

Құжатқа сай, мерекелік күнге арналған қаржылай төлем әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға жылына бір рет, тек бір негіз бойынша және ең жоғары сома көлемінде беріледі.

25 қазанға дейін Астанадағы атаулы әлеуметтік көмек алушыларға 4,5 АЕК (17 694 теңге) мөлшерінде төлем жүргізіледі, – деп хабарлады басқармада.

Тізімді жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы осы жылдың 25 қазанына дейін түскен атаулы әлеуметтік көмек алушылардың өтініштері негізінде қалыптастырады.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар қазан айында неше күн демалатынын жазған болатынбыз. 

Сондай-ақ, бұл айда ең қысқа жұмыс аптасы болатыны айтылды.


ПІКІР ЖАЗУ