Алматыға трамвай қайта оралуы мүмкін: Не үшін қажет және қала бұған дайын ба?

0

Алматыда трамвай қозғалысын қайта іске қосу мәселесі күн тәртібіне қайта шықты. Соңғы жылдары мегаполистің көлік жүйесін жаңғырту, экологиялық таза және тиімді қоғамдық көлік түрлерін дамыту бағытында түрлі бастамалар қолға алынып келеді. Енді сол бастамалардың бірі ретінде трамвай желісін жаңарту жобасы қарастырылып отыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Соңғы трамвай Алматы көшелерінен 2015 жылы кеткен болатын. Енді қалалық жоспарлаушылар бұл көлік түрін қайта жаңғыртуды көздеп отыр. “Алматы бас жоспар” ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Асхат Сәдуовтың айтуынша, жаңа трамвай желісі бұрынғы дәліз бойымен өтеді.

Трамвай “Барлық” базарынан Төле би көшесі бойымен өтеді. Сол бұрынғы дәлізде. Біз оны әуежай бағытына дейін созып, қаланың батысы мен шығысын байланыстырамыз. Бұл — қаланың негізгі көші-қон бағыттары. Негізгі мақсатымыз – тұрғындардың 20 минут ішінде полицентрлер арасында еркін қатынауына мүмкіндік беру. Бұл әлемдік тәжірибе және логикалық шешім, – деді Сәдуов.

Қазір жоба бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Ал нақты іске асыру мерзімі келісімшарттың түріне және қаржыландыру көзіне байланысты болады.

Егер бұл EPC+F (жобалау, салу және қаржыландыру) форматы болса, бес жыл ішінде трамвайды іске қосуға болады. Құрылыстың ұзаққа созылуы оны қымбаттатады, сондықтан инвесторларды тарту үнемдеуге мүмкіндік береді, – деді ол.

BRT мен трамвай: айырмашылығы неде?

Алматыда соңғы жылдары BRT (Bus Rapid Transit) жүйесін дамыту басталғаны белгілі. Дегенмен, “Алматы бас жоспар” басшысы болашақта бұл желілердің кейбірі трамвай жүйесіне айналуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Райымбек даңғылы бойында салынып жатқан жаңа BRT желісі қажет болған жағдайда трамвай желісіне айналуы мүмкін. Трамвай BRT-ге қарағанда көбірек жолаушы тасымалдайды. Сондықтан қажет болған жағдайда бұл бағытты трамвай жолына бейімдеуге болады, – дейді Асхат Сәдуов.

Трамвайдың басты артықшылығы – жолаушы сыйымдылығы мен тұрақтылығы. Сонымен қатар ол экологиялық тұрғыдан таза және шу деңгейі төмен көлік түрі болып саналады. Көптеген еуропалық қалалар дәл осы себеппен соңғы он жылда трамвай жүйесін қайта жаңғыртқан.

Энергия үнемдеу және блэкаут тәуекелі

Энергия жүйесіндегі тұрақсыздық, әсіресе қыста жиі кездесетін блэкауттар, жобаның басты тәуекелдерінің бірі саналады. Алайда, Сәдуовтың айтуынша, қазіргі заманғы трамвайлар бұрынғыдай толық электр желісіне тәуелді емес.

Қазіргі заманғы трамвайлар электробустардағыдай аккумулятормен жабдықталады, бұл оларға біраз қашықтықты автономды жүріп өтуге мүмкіндік береді. Қазір технология әлдеқайда дамыған. Трамвай бұрынғыдай көп электр энергиясын тұтынбайды, энергия үнемдейтін шешімдер қолданылады, – деп түсіндірді ол.

Қала инфрақұрылымы дайын ба?

Трамвай желісін қалпына келтіру тек көлік жүйесін емес, қаланың жалпы инфрақұрылымын да өзгертуді талап етеді. Жаңа жолдар, аялдамалар, электр жүйелері мен көлік бағыттарын қайта жоспарлау қажет.

Трамвайдың рельстері қаланың бұрынғы естелігін еске түсіріп қана қоймай, жаңа технологиялармен және заманауи урбанистикамен үйлескен Алматының жаңа келбетін қалыптастыруы мүмкін.

Қалалық жоспарлау мен урбанистика саласының мамандары бұл жобаны әртүрлі бағалап отыр.

Urban Forum Kazakhstan ұйымының сарапшыларының пікірінше, трамвай – Алматы сияқты ірі қала үшін ең тиімді әрі экологиялық көлік түрі.

Қалада тұрғын аудандар көбейіп жатыр, ал оларды метро немесе басқа қоғамдық көлікпен байланыстыру баяу жүріп келеді. Сондықтан трамвай – осы олқылықтың орнын толтыра алатын шешім, – дейді урбанист Гүлмира Байғабылова.

Оның айтуынша, трамвай жүйесі қаладағы көше кеңістігін адамға бейімдеп, жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарын дамытуға мүмкіндік береді.

Алайда кей сарапшылар жобаның қаржылық тиімділігіне күмән келтіреді. Урбанист Рүстем Досмұхамедовтің айтуынша, трамвай желісін қайта салу өте қымбат, ал инвестицияның қайтарымы ұзақ болуы мүмкін.

Трамвай жақсы идея, бірақ Алматының қазіргі көлік құрылымын ескерсек, оның өзін-өзі ақтауы қиын болуы ықтимал. Егер жеке көлік ағынын шектемей, жол инфрақұрылымын қайта жоспарламасақ, жаңа рельстер де кептелістен құтыла алмайды, – дейді сарапшы.

Трамвайдың қайта оралуы – Алматы үшін тек көлік реформасы емес, қаланың экологиялық және урбанистикалық болашағына әсер ететін шешім. Жоба сәтті жүзеге асса, қала тұрғындарына ыңғайлы, экологиялық таза және жылдам көлік түрі пайда болады. Бірақ оған жету үшін нақты жоспар, тұрақты қаржыландыру және тұрғындардың қолдауы қажет. Қазірше Алматының трамвайы тек идея деңгейінде. Алайда, бұл идеяның шындыққа айналуы қала үшін жаңа кезеңнің бастауы болуы мүмкін.


ПІКІР ЖАЗУ