Қоғамдық көлік бағасы 500 теңге болуы мүмкін бе? – депутат ашып айтты

0

Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық көліктегі жолақыны 500 теңгеге дейін көтеру туралы пікірталасқа қатысты өз ойын білдірді. Оның айтуынша, мұндай ұсыныстың ешқандай негізі жоқ және ол қазақстандықтардың нақты мүмкіндіктерін ескермейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мен бұған түбегейлі қарсымын. Екіншіден, қарасам, бұл ұсынысты айтқан белгілі бір «сарапшы» бар екен. Ол бұған дейін мұнай мен сауда саласына қатысты пікір білдіріп жүрген, енді көлік саласының маманына айналыпты, — деді депутат.

Бейсенбаевтың айтуынша, көлік саласы Қазақстанда мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау алып отыр.

Біз мынаны түсінуіміз керек: Қазақстан бюджеті тасымалдаушыларды субсидиялайды. Оларға жаңа автобустар сатып алуға көмектесеміз. Республикалық немесе жергілікті бюджет есебінен автобус парктері қаржыландырылады, олардың жұмысына әкімдік бақылау жасайды, төмен пайыздық жеңілдетілген несиелер беріледі. Бұл қызметтің 50 пайыздан астамы мемлекет тарапынан субсидияланады, — деп түсіндірді ол.

Депутаттың айтуынша, мемлекет жолақы құнын халық үшін қолжетімді деңгейде ұстап тұру мақсатында салаға әдейі қолдау көрсетіп отыр.

Біз не үшін субсидиялаймыз? Себебі қазіргі халықтың мүмкіндігін жақсы білеміз – олар қанша төлей алады, қашан төлей алады және олардың табысына сай қандай сома орынды. Осы тұрғыдан алғанда, әлгі «сарапшының» ұсынысын мен ақылға қонымсыз деп санаймын. Соған осылай жеткізіңіздер, — деп түйіндеді Бейсенбаев.


ПІКІР ЖАЗУ