Қазақстан шетелден 17,2 млрд доллар тікелей инвестиция тартты

Жаһандық экономиканың құбылмалы жағдайы мен капиталға жоғары бәсекелестікке қарамастан, Қазақстан Орталық Еуразия өңіріндегі жетекші инвестициялық бағыттардың бірі мәртебесін сақтап қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясы (ЮНКТАД) деректеріне сәйкес, 2024 жылы теңізге шыға алмайтын елдерде жарияланған 1 млрд доллардан асатын 5 greenfield-жобаның төртеуі Қазақстанға тиесілі болды.
Өткен жылы елге тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 17,2 млрд АҚШ долларын құрап, оның аясында 45 жаңа жоба жүзеге асырылды және 6 200 жаңа жұмыс орны ашылды.
Инвестициялардың негізгі бағыттары
2024 жылы тартылған инвестициялардың басым бөлігі келесі салаларға бағытталды:
- Тау-кен өндірісі – 6,5 млрд АҚШ доллары;
- Өңдеу өнеркәсібі – 2,8 млрд АҚШ доллары;
- Көтерме және бөлшек сауда – 5,3 млрд АҚШ доллары;
- Кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтер – 0,9 млрд АҚШ доллары.
Сонымен қатар, жаңартылатын энергия көздері, тамақ өнеркәсібі, бизнес-қызметтер және ғылыми-зерттеу (R&D) бағыттарындағы жобаларға да инвесторлардың қызығушылығы сақталып отыр.
Ірі инвесторлар және жаңа жобалар
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы аса ірі инвесторлардың ТОП-5 тізіміне мыналар кірді:
- Ресей – 4,1 млрд АҚШ доллары;
- Нидерланд – 3,8 млрд АҚШ доллары;
- Оңтүстік Корея – 1,2 млрд АҚШ доллары;
- Бельгия – 1,2 млрд АҚШ доллары;
- Қытай – 1,2 млрд АҚШ доллары.
Бұл елдер инфрақұрылымдық және технологиялық жобаларды іске асырып жатыр. Атап айтқанда, газды қайта өңдеу зауыттары, логистикалық хабтар және сирек кездесетін металдар өндіретін кәсіпорындар салу бағытында белсенді жұмыс жүргізілуде.
2025 жыл: Инвестиция көлемі өсіммен сақталып отыр
2025 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 10,1 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1 %-ға жоғары (2024 жылы – 9,9 млрд доллар).
Инвестициялық жобалар
Елімізде америкалық капиталдың қатысуымен 600-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішінде Chevron, ExxonMobil, General Electric, Pfizer, Honeywell, Coca-Cola, PepsiCo, John Deere және басқа да кәсіпорындар бар. Америкалық бизнес қаржы мен энергетикадан бастап машина жасау, фармацевтика және логистикаға дейінгі барлық негізгі саланы қамтиды.
Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, соңғы 20 жылда елімізге $400 млрд-тан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл жыл сайын орта есеппен $20 млрд-тан асады.
Қазақстан – америкалық бизнес үшін тартымды ел. Биыл еліміздегі ЖІӨ $330 млрд-тан асады, бұл – Орталық Азия экономикасының шамамен 60%-ы. 2024 жылғы қорытынды бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ $14 мыңнан, ал сатып алу қабілетінің паритеті бойынша $44 мыңнан асты. Ортамерзімді мақсат – 2029 жылға қарай ЖІӨ көлемін $450 млрд-қа жеткізу, — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Оңтүстік Кореяның Korea Tomorrow & Global (KT&G) корпорациясы биылғы сәуір айында Алматы облысында құны шамамен 70 млрд теңге болатын жаңа KT&G Kazakhstan зауытын іске қосып, 130 жұмыс орны ашты.
KT&G компаниясының ҚР Экология министрлігі және AFoCO ұйымымен бірлесіп жүзеге асырылатын Абай облысындағы орман алқаптарын қалпына келтіру жөніндегі Green Globe Project-ке қатысуына ерекше назар аударылды. Компанияның қаржылық қолдауы аясында 2027 жылға дейін 100 гектардан астам орман қалпына келтіріледі.