Жыл соңына дейін елімізде 428 ветеринариялық пункт салынады

0

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Жамбыл облысындағы ветеринариялық инфрақұрылымның даму барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«2024–2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін арттыру жөніндегі жол картасы» аясында өңірде заманауи, қолжетімді әрі тиімді ветеринариялық желіні қалыптастыру бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. 

2024 жылдан бастап 40 ветеринариялық пункттің құрылысы жүргізілуде, олардың бір бөлігі пайдалануға берілді. 2025 жылы тағы 20 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Айдарбек Сапаров 2025 жылдың наурыз айында пайдалануға берілген, үлгілік жоба бойынша салынған жаңа ветеринариялық пункттердің бірін аралады. Нысан мемлекеттік ветеринариялық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қойылатын заманауи талаптарға толық сай келеді.

Қызмет көрсетуге арналған цифрлық жүйе енгізілген: ауылдық округ тұрғындары №1 үлгідегі ветеринариялық анықтамаға өтінімді Torttulik мобильді қосымшасы арқылы беріп, құжатты сол жерде ала алады. Бұл қызмет көрсету уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, ветеринариялық пункт аумағында малдарды бекітіп, емдеуге арналған алаңдар (расколдар), сондай-ақ малды санитарлық өңдеуден өткізуге арналған ванналар жабдықталған. Бұл элементтер көктем мен күздегі орталықтандырылған алдын алу шаралары аясында қолданылады және ветеринариялық көмектің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Министр ауылдық жерлердегі ветеринариялық қызмет сапасын арттыру — мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

«Ветеринариялық қызметті нығайту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыру қажет. Бұл жануарлардың денсаулығына, өнім қауіпсіздігіне және ауыл тұрғындарының әл-ауқатына тікелей әсер етеді», — деді Айдарбек Сапаров.

Айта кетейік, 2024 жылы еліміз бойынша 223 ветеринариялық инфрақұрылым нысаны салынды, оның ішінде 113 ветеринариялық пункт, 82 мал қорымы және 28 мал сою пункті бар. Жыл соңына дейін тағы 758 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған — олардың қатарында 428 ветеринариялық пункт, 233 мал қорымы және 97 мал сою пункті бар.


ПІКІР ЖАЗУ