Зейнетақы қорынан заңсыз алынған 200 млрд теңге жыры: Кім жауапқа тартылады?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан ірі көлемде қаражатты заңсыз шешуге қатысы бар деген күдікпен 7 адам қамауға алынды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі таңда Атырау облысындағы бірнеше стоматологиялық клиникаға қатысты қылмыстық тергеу жүріп жатыр. Тергеу барысында зейнетақы активтерін жалған медициналық қызмет көрсету схемасы арқылы шешіп алу деректері анықталған. Агенттік өкілі мұндай қылмыстық істер тек Атыраумен шектелмейтінін айтты.
Атырауда кемінде 5 қылмыстық топ анықталды. Олар жалған стоматологиялық клиникалар арқылы 200 миллиард теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденген. Қазір 7 адам қамауда, бірнеше күдікті бойынша қосымша шешімдер қабылданады, – деді Елемесов Мәжіліс кулуарында.
Мұндай схемалар басқа өңірлерде де тіркеліп жатыр. Қазірдің өзінде Маңғыстау облысында осындай іс агенттіктің өндірісіне түскен.
Елемесовтің айтуынша, бұл істерге қарапайым азаматтар емес, алаяқтық схемаларды ұйымдастырған тұлғалар тартылып жатыр.
Бұл жерде БЖЗҚ – жәбірленуші тарап. Азаматтар өз қаражатын алдын ала алғанымен, оларға ешқандай талап қойылмайды. Ал бұл схеманы ұйымдастырып, қаражатты заңсыз жолмен алғандар толық қылмыстық жауапкершілікке тартылады, – деп атап өтті агенттік өкілі.
Айта кетейік, ҚР Қаржы мониторингі агенттігі «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан» (БЖЗҚ) заңсыз ақша шығару схемасына қатысы бар 5 қылмыстық топтың қызметін әшкереледі. Олар жалған құжаттар рәсімдеу арқылы азаматтарға зейнетақы жинақтарын шешуге көмектескен.
Белгілі болғандай, елімізде зейнетақы жинағынан тіс емдеуге қаржы алуға тыйым салынды.
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев медициналық сақтандыру аясында тіс емханаларында болып жатқан күмәнді әрекеттерге назар аударды. Ол халық өз ақшасын қайда жаратса да, өз еркі деп санайды.
Сондай-ақ 2026 жылдан бастап зейнетақы қорынан ақша алғандарға салық салынбайтыны туралы хабарланды.