Созақта жастар арасында патриоттық акция өтті

0
Түркістан облысы, Созақ ауданында «Айбынды жастар – Жаңа Қазақстанның тірегі» атты ерлік сабағы мен Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін әскерге аттанғалы тұрған шақырылушыларды салтанатты шығарып салу рәсімі өтті.
Жиында Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық Қарулы күштері ардагерлері қоғамдық бірлестігінің өкілі запастағы подполковник Есжан Тұрғанбаев және Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Жандос Күлдербаев сөз алып, ыстық ықыластары мен жүрекжарды тілектерін білдірді. Аудан басшысы жиналған жастар алдында өзінің әскерде болған кезін еске алды.
– Әскерге бару да, шығарып салу да үлкен жауапкершілікті жүктейді. Әскердегі әр сәтімді сағынышпен еске аламын. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап келіп, көзінің қарашығындай сақтап, ұрпағына аманат еткен қазақтың кең-байтақ жері бар. Бұл жерді қорғау еліміздің әрбір азаматының киелі парызы. Бүгінгі жастарымыз Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарады деген үміттеміз, – деді ол.
– Бүгін өмірлеріңіздегі ең маңызды күн. Өйткені, бүгін сіздер әскери борыштарыңызды өтеу үшін басқа аймаққа аттанасыздар. Көпшілігіңіз бірінші рет жақындарыңыздан алысқа кетіп барасыздар. Сол себепті, бұл тек сіздерге емес, туысқандарыңыз үшін де сынақ. Сондықтан, сіздер өздеріңізге берілген жауапкершілікті абыроймен атқарып, «Отан қорғаушы» атына лайықты қызмет етулеріңіз керек, – деді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Жандос Күлдербаев.
Айта кетсек, Созақ ауданынан күзгі әскерге шақыру науқында 20 жуық бозбала ҰҚК Шекара қызметіне аттанды. Жуырда тағы 100-ге жуығы Қарулы күштер мен Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің қатарын толықтырады. Ал Созақ ауданының Назір Төреқұлов атындағы ІТ мектеп-лицейінің «Жас сарбаз» сыныбы 2021 жылы өткен «Айбын» республикалық жастар жиынында 57 команданың ішінде үздік 9-қа еніп Түркістан облысының намысын жоғарғы деңгейде қорғай білді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ