Түркістанда қоғам қайраткері Қазыбек Исаның мерейтойы аталып өтті

0
Түркістанда халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаның 60 жылдық мерейтойына арналған «Сырымды айттым далаға» шығармашылық кеші өтті.
Алдымен келген қонақтар шығармашылық кітап көрмесін тамашалап, Түркістан мақамдары негізінде жарық көрген «Текті сөздің төресі» термелер жинағының тұсауын кесті. Содан соң мерейтой иесіне арналған «Тәуелсіздік тарландары» деректі фильмінің көрсетілімі өтті. Ақынның туған жері шағалалы Шардарадан бастау алып, Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанда жалғасын тапқан кешті жазушы, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек жүргізіп отырды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов өңір басшысының құттықтауын жеткізіп, ақынға құрмет көрсетті. Облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев те Түркістан өңірінен шыққан ақынның қоғамға сіңірген еңбегі мол екенін айтты. Бұдан әрі Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды- драма театрының әртістері Қазыбек Исаның өлеңдерін оқыды.
Мерейтой иесінің әріптестері мен достары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері ақжарма тілектерін арнады. Кеш барысында бишілер мың бұрала би билесе, ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалды. Кеш соңында мерейтой иегері сөз алып, келген көрерменге алғысын білдірді. Шәмші Қалдаяқовтың «Отан» әні кеш шымылдығын жапты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ