Арыс: ауыз су мәселесін шешу жайы тұрғындармен бірге талқыланды
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамды одан әрі демократияландыру мен елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықты хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін, есептілігін арттыру мақсатында жария еткен арнайы қаулысына сәйкес, Арыс қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы әрі қала әкімінің орынбасары Ерғали Қуандық бастаған жергілікті атқарушы билік өкілдері Монтайтас ауылы мен Қожатоғай ауылдық округінде кезекті кездесу шарасын өткізді.
Түске дейін Монтайтас ауылында ұйымдастырылған кездесу ашық диалог форматында өтті. Оның алдында әкім орынбасары Ерғали Қуандық жылдың алғашқы жартысында атқарылған жұмыстар турасында аз-кем айтып өтті. Соның ішіндегі маңызды мәселенің бірі ретінде ол Монтайтасқа көгілдір отын 2023-24 жылдары кіргізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Содан кейін ауыл тұрғындары ауыз су мәселесін айтып, қосымша 2 скважина қаздыру арқылы проблеманы түпкілікті шешу жайын сала мамандарымен бірге кеңінен талқылады.
Сондай-ақ, жеке қабылдау кезінде бұл мәселені ауыл ақсақалдарының бірі – Аманкелді Төлепов те көтеріп, өзінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Сол сияқты кездесуде Қабылсай ауылының бір топ азаматы мектеп пен теміржол арасындағы 400 метрлік аяқ жолға тас төсеп беруді сұрады. Оған ауыл әкімі Ербол Ахметов жақын күндері тас төселетінін айтып, алда атқарылатын өзге де жұмыстар туралы жұртшылықты хабардар етті.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі