Арыс: әкімдік өкілдері қожатоғай тұрғындарымен кездесті
Осы күндері Арыс қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы, қала әкімінің орынбасары Ерғали Қуандық бастаған әкімдік өкілдері мен дербес бөлім басшылары және сала мамандарынан құралған арнайы топ ауылдарды аралап, тұрғындармен ашық пікір алмасып кездесулер өткізуде. Сондай жиынның бірі – бүгін Қожатоғай ауылдық округінде ұйымдастырылды.
Кездесуге ауыл тұрғындары келіп, көпшіліктің көкейінде жүрген өзекті мәселелер мен шешімін табуды қажет ететін проблемалардың жай-күйі талқыланды.
Тұрғындар көтерген мәселенің бірі – үй іргелік бау-бақшаға қажетті ағын су мәселесі болды. Сонымен қатар, ауыз судың тазалығы мен қосымша су сорғылар орнату қажеттігі айтылды. Өз кезегінде Арыс қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қазыбек Ақылбай ауыл ақсақалдарының мұндай өтініші басты назарда екендігін жеткізді.
«Негізінен, Қожатоғай ауылдық округі су қоры жеткілікті елді мекен санатына кіреді. Алайда, суға сұраныстың ұлғаюына байланысты су айдау насостарының қуаттылығын арттыру қажет. Бұл бағытта тиісті деңгейде жұмыстар жүргізілуде», – деді Қазыбек Бауыржанұлы.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындары Қосқақ кені маңында қараусыз қалған скважинаның жай-күйін көтерді. Ал қала әкімінің орынбасары бұл мәселені алдағы уақытта сала мамандарымен талқылап, тиімді пайдалану жөнінде кеңесетіндігін атап өтті.
Сонымен қатар, ашық пікір алмасу аясында қожатоғайлық белсенді қария Қансейіт Жүзімбеков ауыларалық жолдарға тас төсеу қажеттігін ескертті.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі