Арыс: мешіт имамдарымен келесі кездесу өтті

0

Арыс қаласы ішкі саясат бөлімінің ұйымдастырумен қала әкімдігінің кіші мәжіліс залында ҚМДБ-ның Арыс қаласындағы филиалдарының имамдарымен кездесу өтті.

Кездесуге қала әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаев, ішкі саясат бөлімінің бас маманы – Нұрдәлет Мансур, қала әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы – Нұрғиса Ахмет, аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің басшысы – Жандос Ахметов, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы – Қазыбек Ақылбай, кәсіпкерлік бөлімінің мамандары, қаладағы және ауылдық округтердегі мешіт имамдары қатысты.

Жергілікті атқарушы орган мен ҚМДБ-ның өкілдері өзара іс-қимыл жасасу мәселелері бойынша сындарлы пікір алмасу болды. Діни қызметкерлер жергілікті атқарушы орган басшыларына өзекті сауалдарын қойды және қоғамда радикалды діни идеологияның таралуына                        қарсы іс-қимыл мәселелері кеңінен талқыланды.

Өз сөзінде қала әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы имамдарының жастарды рухани құндылықтар мен адамгершілікке тәрбиелеуде, сондай-ақ ел мұсылмандарын деструктивті сипаттағы түрлі көзқарастардың әсерінен қорғаудағы үлкен рөлін атап өтті.

Өз кезегінде Арыс қаласының бас имамы Қ.Қазыбаев Дін саласында тұрақтылық пен бірлікті нығайту, қала тұрғындарының арасында діни біліктілікті және руханиятты көтеру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылғандығын және алдағы уақытта жан-жақты көптеген іс-шаралар жүзеге асырылатынын айтты.

Кездесу қорытындысында имамдар тарапынан бірқатар ұсыныстар мен пікірлер айтылып, алдағы уақытта нәтижелі жұмыстар жүргізілетіндігін тілге тиек етті.

Айта кететін жайт, жыл басынан бері ҚМДБ имамдары мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлері екінші жиын өткізіп отыр. Тараптар тоқсан сайын кездесу өткізіп, өзекті мәселелерді талқылауға келісті.

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ