Бүгін Арыс қаласында футболдан Қазақстан Чемпионатының екінші лигасының 13-ші туры аясында кезекті кездесу өтті
Бұл жолы жергілікті «Арыс» футбол клубы өз алаңында «Мақтаарал» (жастар) командасын қабылдады.
Қалалық «Орталық» стадионда өткен ойынға қала әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ерғали Қуандық, қала әкімі аппаратының басшысы Талғат Анашбеков пен дербес бөлім басшылары арыстықтармен бірге жанкүйер болды.
Матчтың алғашқы минуттарынан бастап жерлестеріміз ширақ қимылдады. Әсіресе, сол қаптал мен орталық шептегі арыстық шабуылшылар қонақтардың қорғаушыларына тыным бермеді. Өрнекті ойынның нәтижесінде Магомед Оджиев есеп ашып, Арыстың мерейін үстем етті. Ал екінші таймда алаң иелері сапынан Шыңғыс Саменов өз қақпасына гол соғып алды.
Бұдан кейін арыстық ұжым ойынды өз тізгініне алып, қарсыластар қақпасына сериялы қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Нәтижесінде, ойын бітуіне санаулы минуттар қалғанда, қарсылас команда айып алаңында ережеге сай емес ойнап, төреші пенальти белгіледі. 11 метрлікті шебер орындаған Абылхаир Зулфикаров мүлт кетпеді. Осылайша 2-1 есебімен жеңіске жеткен жерлестеріміз үш ұпайды еншіледі.
ЖЕҢІС ҚҰТТЫ БОЛСЫН, ЖЕРЛЕСТЕР!
Алға Арыс!
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі