Бүгін Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков көпқабатты тұрғын үй құрылыстарын аралап, жұмыс барысын көрді.
Әсіресе, дүйсенбі күні мердігерлермен өткен жиналыста айтылған сын-ескертпелер бойынша атқарылған тірліктерге баса назар аударып, сапасын бақылады.
Түркістанда 2021 жылы көп қабатты 29 тұрғын үй (1921 пәтер) пайдалануға берілген. Оның 20-сы – 7 қабатты, 9 үй 12 қабатты.
50 үйдің құрылысы 2022 жылға өтпелі. Бұл 3223 пәтерді құрайды. Оның 2546 пәтерін ипотекамен сату, 677 пәтерді кезектегі отбасыларға беру көзделген.
Нұрбол Әбдісаттарұлы өндірістік кестеден қалып қойған мердігер мекемелерге заң аясында шара көрілетінін ескертті:
– Баспана күтіп жүрген азаматтардың үмітін жықпайсыздар деп сенемін. Әйтсе де, ең маңыздысы – сапа екенін, талапқа сай жұмыс ұятқа қалдырмайтынын есте ұстаңыздар – деді қала әкімі өз сөзінде.