Арыс: мекемеаралық мәжіліс өтті
Бүгін Кәсіпкерлік мектептің конференция залында Арыс ауданының прокуроры Талғат Сейдуалиевтің төрағалығымен мекемеаралық мәжіліс өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаев пен дербес бөлім басшылары, кәсіпкерлер, шаруашылық жетекшілері және Арыс өңірінің шаруалары қатысты.
Отырыстың күн тәртібінде ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер, оның ішінде ағын су, жер, жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету, субсидиялау және мал ұрлығының алдын алу мәселелері қаралды.
Ең алдымен негізгі баяндаманы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлыбек Біләлбеков жасады. Ал жер қатынастары бөлімі мен қалалық кірістер басқармасы, Арыс қалалық аумақтық инспекциясы мен кәсіпкерлік бөлімінің жауапты мамандары есеп беріп, соңынан ашық пікір алмасты.
Аудан прокуроры мен кәсіпкерлер арасында өрбіген әңгіме барысында су жеткізетін каналдар мен олардың жай-күйі, оларды жөндеуге қатысты жоспарлар қызу талқыланды. Сонымен қатар, жанар-жағармайдың шаруаларға уақытылы жеткізілу жайы да сөз болды.
Оған қоса, пайдаланылмайтын жерлерді қайтару бойынша прокуратура тарапынан берілген ұсыныстардың орындалуы мен ауыр жүк көліктерінің рұқсат етілмеген жолда жүк тасымалдауы да тақырыптан тыс қалмады.
Жиын қорытындысында сан салалы бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен бірлескен шаралардың тиімділігін көшейту қажеттігі айтылды. Осыған орай, мемлекеттік органдар тарапынан жауапкершілік арттырылатын болды.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі