Ауданға мәжіліс депутаты арнайы іс-сапармен келді

0

Бүгін Төлеби ауданына арнайы іс-сапармен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ержан Құдайберген Төлепұлы, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Айтқұлов Бекжан Бахтыбекұлы келді. Елордадан ат арылтып келген қонақты аудан әкімі Төлеген Телғараев, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров күтіп алып, аудан жетістіктері мен шешімін күткен мәселелерімен таныстырды.

Мәжілісмен ең алдымен Тасарық ауылдық округіндегі «Тау жемісі» ЖШС –де болып, жергілікті шаруалармен кездесіп, ауыл шаруашылығы саласына қатысты мәселелерді тыңдады. Өз кезегінде аталған салаға мемлекеттен берілетін субсидия, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған бағдарламалармен таныстырды. Ауданға арнайы ат басын бұруының басты себебі – ауыл шаруашылық саласы, аграрлы сектор мен кәсіпкерлік саласының жұмысымен танысып, шаруалардың жай-күйіне көңіл бөліп, оларды толғандырған сұрақтарына жауап беру екендігін түсіндірді.

Құдайберген Төлепұлы 20 гектар аумаққа орналасқан «Тау жемісі» ЖШС –қызметкерлерімен әңгімеде көшетті жерсіңдіру, күтіп-баптау, өнімді өткізу, қолынан іс келетін жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелерін кеңінен сөз етті. Алқаптағы «Ризомат», «Кишмиш», «Победа», «Шахана» сортты жүзімдердің тіл үйірер дәміне тамсанып, шаруашылықтың шығыны мен табысы жөнінде сұрастырды. Жүзім алқабы маусымдық уақытта 60 адамды, тұрақты түрде 5 тұрғынды жұмыспен қамтып, 90 мың теңгеден орта жалақы төлеп отыр. Жүзімдерді негізінен аудан орталығының, Шымкент қаласының базарларына сатылымға шығарып, көп жағдайда тұрғындар алқаптан өздері алып кетеді.

Мәжіліс депутаты іс-сапар барысында құрылыс жұмыстары жүріп отырған №6 жалпы орта мектеп ғимаратымен танысты. 200 орындықты мектеп құрылысына тапсырыс беруші – Түркістан облыстық білім басқармасы. Мердігер мекеме атқарылған жұмыстарды әңгімелеп, жыл соңына дейін білім беру ғимаратын пайдалануға беруге уәде берді. Мектеп ғимаратына заман талабына сай қажетті құрал-жабдықтар орнатылып, бейнебақылау қойылып, интернет жүйесіне қосылатынын айтты. Құдайберген Төлепұлы білім беру мекемесі талапқа сай болуы қажеттігін, оның сапасына көңіл бөліп, балалар отыратын партаға дейін стандарттан ауытқымауы керектігін, дені сау ұлт қалыптастыру үшін балаларға білім беріп қана қоймай, қауіпсіз ортада өмір сүруіне мүмкіндік жасаудың маңыздылығын әңгімеледі.

Кейіннен Қ.Дүйсемұратұлы көшесі тұрғындарымен кездесіп, апатты жағдайдағы көпқабатты жеке тұрғын үйлердің мәселесіне көңіл бөлді. 1936 жылы пайдалануға берілген пәтерлердің қабырғасы ағаш пен сылақтан қаланғандықтан, олардың бүгінде тозығы жеткен. Үйлердің шатырлары ескіріп, жауынды күндері су өтсе, пәтерлерде канализация жүйесі ретке келтірілмеген. Аталған үйлерде көпбалалы, аз қамтылған отбасылары, І және ІІ топ мүгедектері тұрады. Көпқабатты тұрғын үй пәтерлері жекеменшік иелігінде болғандықтан, бюджеттен жөндеу жұмыстарына қаржы бөлу мүмкін еместігін ескерткен Құдайберген Төлепұлы тұрғындардың мәселесін заң аясында шешу жолдарын қарастыратынын, ол бойынша тиісті жұмыстар атқарылатынын айтты. Төлеби ауданы әкімдігі аталған мәселені шешу бағытында Ленгір қаласының Базар және Қ.Дүйсемұратұлы көшелеріндегі 40 және 30 пәтерлі 10 дана тұрғын үйлердің құрылысын салу үшін жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуде.

Ержан Құдайберген ауданға арнаған іс-сапары барысында тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдап, олардың қажеттіліктерін жазбаша хатпен беруін айтып, оң шешілуіне ықпал ететінін жеткізді.

Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ