Жылу беру маусымы мен құрылыс нысандары туралы талқылады

0

Бүгін Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың төрағалығымен әкімдіктің кезекті мәжілісі өтті. Жиында ауданның 2022-2023 жылдарға жылу беру маусымына дайындық мәселесі талқыланды. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Жұмабаевтың баяндамасына сүйенер болсақ, аудандағы 107 көпқабатты тұрғын үйдің 23-і орталықтандырылған, 84-і автономды жылу жүйесіне қосылған. Сондай-ақ, 24692 тұрғын үйдің 23065 –і табиғи газбен, қалған 1627 –і қатты отынмен жылытылады. Бүгінгі күні көмір қоры жеткілікті. 205 мемлекеттік мекемелердің 127 –і білім беру мекемелері, 18 Мәдениет ошақтары, 57 денсаулық сақтау мекемелерінде жылу беру маусымына дайындық оң шешімін тапқан.

Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылатын көпқабатты тұрғын үйлердің құбырлары толық тексеріліп, құрылғылар ауыстырылды. Жылу қазандығының дайындығын тексеру барысында үш қазандықтың біреуін күрделі жөндеуден өткізу қажеттігі анықталып, орын алған олқылықты шешу бағытында сала мамандары еңбек етуде. Жалпы аудан бойынша алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары толыққанды шешім табуға жақын. Дайындық жұмысы жүйелі жүргізіліп, барлық іс-шара бекітілген кестеге сәйкес жоспарлы түрде жүзеге асып, жіті қадағалануда.

Аудан әкімі жылу беру маусымына дайындықты пысықтауды, әлеуметтік нысандардың жылу маусымына дайындығын тиімді үйлестіре отырып қадағалауға алу қажеттігін, кез-келген орын алуы мүмкін оқыс оқиғалардың алдын –алу мақсатында жұмыстар жүргізу керектігін айтып, салалық бөлім басшыларына тапсырма берді.

Мәжілістің күн тәртібіндегі екінші мәселе – 2022 жылы мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік нысандар құрылысының барысы туралы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ерхасен Тілеубердиев баяндады. Бүгінгі күні аудан орталығында 3 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ, Бірінші Мамыр елді мекенінде футбол алаңы мен спорт кешенінің құрылысы жүруде. Бірінші Мамыр, Қаратөбе ауылдық округтеріндегі жаңа массивтерге инженерлік-коммуникация жүйелері тартылып, құрылыс жұмыстары кестеге сай жүруде.

Аудан басшысы кез-келген құрылыс нысанындағы жұмыстың сапасын мен берілген мерзімінен кешікпеуін қадағалауды бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдеріне тапсырды. Берілген тапсырмалар мен жүктемелердің барлығы дерлік тікелей өз бақылауында болатындығын айтты.

Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ