Түркістан қаласының полицейлері жол белгілері мен таңбаларды орнату жұмыстарын жүргізді
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 9-19 тамыз аралығында Түркістан облысында “Абайлаңыз, балалар!” іс-шарасы өткізілді. Оның негізгі мақсаты – балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, автокөлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзуына жол бермеу және балалардың көшелер мен жолдардағы қауіпсіз жүріс-тұрысымен байланысты дағдыларын нығайту.
“Абайлаңыз, балалар!” жедел алдын алу іс-шарасы аясында Түркістан қ. ПБ-ның әкімшілік полиция қызметкерлері көше-жол белгілерін тексеріп, соның ішінде мектептер мен балабақшаларға жақын маңда таңбаларды орнату жұмыстарын жүргізді. Мәселен, Түркістан қаласындағы Бірлік шағын ауданында балабақша алдындағы жолға 3 жасанды тегіс емес және 28 жол белгісі, оның ішінде “Жол беріңіздер” таңбасының 14-і мен “Басты жол” белгісінің 12-сі, Тұраққа тыйым салынады! деген таңбаның екеуі орнатылды.
Өз кезегінде Түркістан қаласының полицейлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелері мен жылдамдық режимін сақтауға шақырады. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер, жолдарда мұқият болыңыздар!