Аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдады

0
5

Кемеқалған ауылдық округіндегі кездесуден кейін аудан әкімі Төлеген Телғараев тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдады. Қабылдауға келген Г.Байзақова Қарақия бастауыш мектебі бала саны артуына байланысты негізгі мектепке айналғанына орай білім ордасында маман қажеттігі туындағанын, ауыл жастарының қалаға қатынап жұмыс істеп жүргенін ескеріп, оларды «Дипломмен ауылға» жобасы арқылы ауылға қалдыру мүмкіндігін қарастыруды сұранды.

Журналист Л.Асанова карьердің лицензиясын тексеруді, ауылдық округ әкімі аппараты тозығы жеткен, ескі ғимаратта отыратынын айтып, жаңа құрылыс нысанын тұрғызуды сұранды. Қарақия елді мекенінің тұрғындары ортақ жайылымдық жерге қайтарылған 819 га жерді СТК балансына алу мүмкіндіктеріне қарасты сұрақтар қойды. Р.Қантөреева тұрғын үйлерге баратын жол бойындағы көпірді жөндеуден өткізуді сұранды. Әңгірата елді мекеннің тұрғындары ауыз су ауыл тұрғындарының барлығына бірдей жетпейтініне шағымданып, электр жүйелерін ауыстыруды, жолдың асфальтын жаңалауды өтінді.

Қабылдауға келген тұрғындар атаулы әлеуметтік көмек кімдерге берілетіні, «Мектепке жол» акциясы жөнінде сұрақтар қойды.

Атаулы әлеуметтік кімдерге берілуі тиіс: әрбір отбасы мүшесінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-інен төмен адамдарға тағайындалады. 2022 жылы Қазақстанда ең төменгі күнкөріс 36 018 теңгені құрайды. Сондықтан кедейлік шегі бір адамға айына 25 212 теңге төленеді. Егер отбасы табысы бір адамға шаққанда айына 25 212 теңгеден аз болса, онда мұндай отбасы осы отбасының барлық мүшесі үшін атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш бере алады. Отбасының орташа табысын есептеу кезінде мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы есепке алынбайды. Ал, отбасының жиынтық табысын есептегенде отбасына кіретін табыстың барлық түрі, оның ішінде зейнетақы төлемдері де есептеледі.

Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы қабылдау барысында әрбір тұрғынның мәселесін тыңдап, заңдылыққа сәйкес түсініктеме беріп, оның орындалуын сала басшыларына тапсырды.

Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ