Аудан әкімі Кемеқалған ауылдық округі тұрғындарымен кездесті
Бекітілген кестеге сай аудан тұрғындарымен кезекті кездесу – Кемеқалған ауылдық округінде жалғасын тапты. Кездесуде ауданның 2022 жылдың бірінші жарты жылдығының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен ауылдық округте алғашқы кездесуде көтерілген мәселелер бойынша атқарылған жұмыстар барысын таныстырдым.
Биылғы жылы округ аумағында жүзеге асып жатқан жобаларға тоқтала кетсем: Ақбастау және Әңгірата елді мекендерінің ауыз су жүйесі ағымдағы жөндеуден өтсе, Ардагер, Жастар, Қаратас, Қошқарата, Шоқалақ, Шеңгелсай көшелеріне және бұдан бөлек 6 көшеге трансформатор орнатылып, электр желілері тартылуда. Ақбастау-Әңгірата көшесі орта жөндеуден өтіп, Дегерез, Жастар көшелеріне асфальт төселуде. Әңгірата елді мекеніне саябақ орнатуға қаржы қаралып, Ұйымшыл елді мекеніндегі білім беру мекемесінің құрылысы аяқталуға жақын.
Алғашқы кездесуде көтерілген мәселелер бойынша атқарылған жұмыстар барысына тоқтала кетсем: Шымкент-Текесу бағытында қоғамдық көлік жүргізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. «Қотыр бұлақ» бұлақ бастауының және су резервуарының санитарлық аумақтары темір қоршаумен қоршалып, каптаждалып, бетондалды. Ақбастау жалпы орта мектебінің ғимараты ауыз су жүйесіне қосылды. Қаратөбе елді мекеніндегі жекеменшік иелігіндегі 187,0 гектарды құрайтын жер учаскесі келіссөздер жүргізу нәтижесінде ортақ жайылымға қалдырылды. Ақбастау елді мекеніндегі 108 метр аралыққа аяқ жол демеушілер есебінен салынды. Ұйымшыл елді мекеніндегі бетондалған «Қошқарата» каналының 0.8 шақырымы тазаланды.
Сұрақ –жауап форматындағы кездесу барысында округ тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Ақбастау елді мекенінің тұрғыны Алматау демалыс орнына баратын жол бойында электр желілерінің бос жатқанын, Үңгіртас көшесіндегі тұрғын үйлерге су біркелкі бармайтынын айтып, Төртшал көшесінің жолдары жөндеуден өткізсе деген ұсынысын жеткізді. Әңгірата елді мекенінің тұрғыны ауыз су тапшылығының алдын алу үшін су есептігіш қондырғыларын орнату қажеттігін сөз етті. Ұйымшыл елді мекенінің тұрғыны Ғайып Ерен Қырық Шілтенге баратын жолдағы жөндеу жұмыстарының сапасына көңіл бөлуді сұранды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылық саласын дамытуға бөлінетін субсидия жөнінде сұрақ қойып, округтен аурухана не болмаса емдеу орталығын ашу жөнінде пікірлерін ортаға салды. Бұған қоса, округ тұрғындары қалалық ауруханаға тіркеліп, ем қабылдаса деген өтініштерін де жасырмады. Қаратөбе елді мекенінің тұрғыны ауылға ФАП және мектеп құрылысын жүргізу қажеттігін айтса, Қарақия елді мекеніндегі жолды кеңейту мәселесі де кездесу барысында сөз болды.
Округ тұрғындары тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдап, барлығына да жауап беріп, мәселелерді үнемі назарымда ұстайтынымды, олардың оңтайлы шешілу жолдары қарастыратынымды жеткізді.