Тамыз кеңесі: Кентауда жаңа оқу жылында жаңа нысандар пайдалануға беріледі

0

Кентау қаласында «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбындағы қалалық тамыз педагогикалық кеңесі өтті. Алқалы жиында алғашқы сөз алған қала басшысы Жандос Тасов барша ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

«Бүгінгі күн – білім беру мазмұнына, оқушы мен педагог тұлғасына және қызметіне деген көзқарастардың түбегейлі өзгеріске бет бұрып отырған кезең. Бұл тұрғы да оқушыларымыз жан-жақты білімдерін дәлелдеп келеді. Өткен оқу жылының нәтижесі де жемісті болды. Оның бәрі әрине алдымен ұстаздардың еселі еңбегінің нәтижесі деп білем. Баршаңызға аян, Кентау қаласы білім жағынан үнемі алдыңғы қатарлардан көрініп жүреді. Мұндағы ұстаздардың білім берудегі қалыптасқан тәжірибелері мен іскерліктерінің арқасында деп айтуға болады» деген қала әкімі өткен оқу жылын жемісті аяқтаған ұстаздарға алғысын білдірді.

Білім саласында елеулі қызмет атқарып келе жатқан бір қатар ұстаздарға «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстап, алғыс хаттармен мараптталды. Сонымен қатар, кентаулық белсенді ұстаздарға облыс әкімінің алғыс хаты мен грамотасы берілді.

Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Д.Болатханұлының арнайы келіп қатысып, білім саласындағы жаңа реформаларға тоқталып өтті. «Биыл Түркістан облысындағы мектептерде 510 мыңнан аса оқушы білім алады. Бұл – республикадағы ең үлкен көрсеткіш, әрбір 7-ші бала Түркістан облысында білім алады деген сөз. 2021-2025 жылдар аралығында үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін, мектептердегі оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында облыста кезең-кезеңімен 199 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Оның қатарында Кентау қаласы да бар. Екі мектепке қосымша нысан қажеттілігі мен жаңа мектеп салу жоспарланған» деді.

Тамыз кеңесінде білім сапасын арттыру, ұстаздардың білімін арттыру, мектеп тапшылығын жою және өзге де мәселелер талқыланып, маңызды баяндамалар жасалды. Айта кетейік, Кентау қаласында жаңа оқу жылында жаңа бір мектеп пен Хантағы ауылында екі жаңа заманауи спорт залы пайдалануға берілмек. Қала бойынша 844 түлек мектеп бітіріп, 726  оқушы ҰБТ-ға қатысты. ҰБТ нәтижесінде жалпы орта балл 73,9 баллды құрап, 72 оқушы «Алтын белгі»,40 оқушы «Үздік аттестат» алды. Биылғы бітіруші түлектердің 412-ы мемлекеттік грантқа, ал 2 оқушы шет ел мемлекеттерінің жоғарғы оқу орындарына түсті. Қазіргі таңда мемлекеттік  грантқа түскен оқушылардың үлесі 57% құрады.

 Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ