Шардара: Дәстүрлі тамыз кеңесі өтті.

0

Шардара ауданының білім беру саласы қызметкерлерінің «Білімнің басты құндылықтары: отаншылдық, білімге құштарлық және еңбекқорлық» тақырыбында аудандық тамыз конференциясы өтті. Шардаралық педагогтардың басын қосқан дәстүрлі жиында жаңа оқу жылындағы өзгерістер талқыланып, алдағы жоспарлар түзілді. Кеңеске аудан әкімінің міндетін атқарушы Б.Шомпиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібеков, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының бас маманы А. Биболова, аудандық «Аманат» партиясы филиалының төрағасы Е.Бекет, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының міндетінін атқарушы А.Жантөреева мен мектеп директорлары, мұғалімдер мен өзге де білім саласының қызметкерлері қатысты.

Шара оқушылардың қолымен жасалған түрлі бұйымдар мен көрнекіліктердің көрмесімен басталды. Кеңесте алғаш сөз алған А.Биболова барша қатысушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, биылғы оқу жылының ерекшеліктеріне тоқталып өтті. Әр пәннің сағат жүктемелерін толыққанды түсіндірді.

«Президентіміздің мәртебелі мамандық иелеріне деген ықыласы ерекше екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керек. Бұл үшін бір орында тұрып қалмай, ілгері жылжу басты мақсат болуы тиіс. Сондықтан, білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Сіздердің бүгінгі шәкірттеріңіз – Қазақстанның жарқын болашағы. Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев кезектен тыс съезде :«Білімнің басты құндылықтары: отаншылдық, білімге құштарлық және еңбекқорлық»-деп жастарды сапалы білім алуға шақырған болатын. Заманауи даму бәсекесіне қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті» – деді Б.Шомпиев.

Сондай-ақ, жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібеков сөз сөйлеп, өз ыстық лебізін білдірді. Сонымен қатар аудандық адами әлеуметті дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ақжібек Жантөреева конференцияда биылғы оқу жылының қарсаңында оқыту әдістері мен бағдарламаларын игеру, қажетті білім мен дағдыларды беру, функционалдық сауаттылық және сыни ойлауды дамыту тұрғысында және атқарылуға тиісті шаралар бойынша баяндама жасады.

Мәжіліс соңында бала тәрбиесі мен оқу үрдісінде үздіктер қатарынан көрініп, елеулі еңбек еткен ұстаздар қауымы да назардан тыс қалмай аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың хатшысының Алғыс хаттарына, аудандық «Аманат» партиясы филиалының төрағасының Алғыс хатына, сондай-ақ, Оқу және ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.Бұдан бөлек, бірқатар ұстаздар аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің арнайы Алғыс хатына ие болды. Биылғы, жаңа оқу жылында 30 күндізгі орта білім беру ұйымында 19400 оқушы оқиды деп күтілуде. Ауданда бас-аяғы 2278 педагог қамтылған. 2022-2023 оқу жылына ата-аналарының өтініштерімен 1875 бала 1 сыныпқа қабылданды.

(с) Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ