Ордабасы: Темірланда Конституция күніне арналған мерекелік шара өтті

0

Бүгін аудан орталығы – Темірланда 30 тамыз – Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты шараға аудан әкімі Нұрбек Бадырақов пен аудандық Мәслихат хатшысы Қасымбай Әбдіхалық қатысып, тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады.

«Құрметті аудан тұрғындары мен қонақтары! Баршаңызды Тәуелсіз еліміздің тұтастығы мен тұрақты дамуының алтын арқауы болған Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ата Заңымыз батыр бабаларымыздан мұра болған әділетті дала Заңы – «Жеті жарғымен» үндесіп жатқан үлкен құндылық. «Елу жылда ел жаңа» демекші, биыл 5 маусымда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен  Конституциямыздың 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді. Республикадағы саяси оқиға ұлтымыздың шынайы өзгерістерге деген дайындығы мен ұйымшаңдығын көрсетті. Референдумның дауыс беру қорытындысы бойынша бірлігі бекем Түркістан облысы республикада көш бастады. Бұл бір сөзбен «Жаңа Қазақстан» құру жолындағы халқымыздың шынайы талпынысы болды», деді аудан әкімі өз құттықтауында.

Іс-шара барысында еңбегімен дараланған бір топ азамат аудан әкімі мен мәслихат хатшысының  Алғыс хаттарымен марапатталды. Аудандық Мәдениет үйінде өткен мерекелік жиынның соңы жергілікті өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Кеште патриоттық әндер шырқалып, өнерсүйер қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ