Түркістан облысы, Жетісай қаласындағы «Күлпаршын» базарындағы өрттен зардап шеккен кәсіпкерлер мен саудагерлерге қолдау көрсетуге арнаған Түркістан облыстық мәслихатының ҮНДЕУІ

0

Қымбатты жерлестер!

Құрметті ірі бизнес өкілдері! Біз Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары атынан өрт салдарынан зардап шегіп, қиындыққа тап болған Жетісай орталық базары кәсіпкерлері мен саудагерлеріне көмек көрсетуге шақыру мақсатында ҮНДЕУ арнап отырмыз. Апаттың айтып келмейтіні – ақиқат. Сондықтан осы қиындықта біз, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара отырып, бірлікті ту еткен ел екенімізді дәлелдеуге тиіспіз.

Еліміз ортақ, жеріміз ортақ, яғни, жетісайлық бауырларымыздың басына түскен бұл ауыр жағдай да бəрімізге ортақ. Ендеше барлығымызға азаматтық таныта отырып, қолымыздан келгенше зардап шеккен бауырларымызға жан-жақты материалдық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету – басты парызымыз болып табылады. Қазіргі таңда Түркістан облыстық мәслихаты зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында арнайы ұйымдастыру іс-шараларын шұғыл бастап кетті. Осы орайда біз өңіріміздің барлық бизнес өкілдерін, қалталы азаматтарымыз бен жомарт жандарды көмек көрсету жұмыстарына атсалысып, мүмкіндігінше қаржылай көмек беруге шақырамыз. Дана халқымыз «Біріккен бітіреді, ұйымдасқан – ұтады» демекші ынтымағымызды ту етіп, бірліктің жарқын үлгісін көрсетейік, ағайын!

Түркістан облыстық мәслихаты


ПІКІР ЖАЗУ