Созақ ауданында қоқыс полигондарына мониторинг жасалды

0

Созақ аудандық Қоғамдық кеңесінің «Әлеуметтік саланың дамуы, экологиялық ахуал және азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету бойынша» комиссияның ұйымдастыруымен «Экология және қоршаған орта сапасы» тақырыбында апталық жоспар бекітілген. Осы жоспар аясында Созақ ауданына қарасты Созақ, Шолаққорған ауылдық округтері және Таукент кентіндегі қоқыс полигондарына зерделеу жұмыстары жасалды. Жалпы аудан бойынша Шолаққорған, Жартытөбе, Құмкент, Созақ ауылдық округтерінде және Таукент, Қыземшек кенттерінде қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын орындар (полигон) бар. Сызған, Қарақұр, Қаратау, Тасты, Жуантөбе және Шу ауылдық округтеріне қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын орындарға жер телімдері алынып, мемлекеттік жер актілері рәсімделіп, жобалау сметалық құжаттары әзірленген.

Созақ ауылындағы қоқыс полигоны 2018 жылы пайдалануға берілген және орналасқан жер көлемі 10 гектарды алып жатыр. Қазіргі таңда “Асыл Ад” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз жауапкершілігіне алып, ауылдың тұрмыстық қалдықтарын жинап, ретке келтіріп отыр.

Таукент кентіндегі 3 гектар жерге орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон «Созақ Сәулет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынына сенімгерлік басқаруға беріліп, жұмыстар жүргізілуде. Шолаққорған ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигонның жарамдылық мерзімі бітіп, қазіргі таңда «Созақ-сәулет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын тарапынан  жер теліміне  жерге орналастыру жобалары әзірленіп, ауыл шаруашылығы өндірісіне келтірілетін зиян шығындарын алуға құжаттар тапсырылған. Алдағы уақытта өз шешімін табады.

Сонымен қатар комиссия мүшелері Созақ ауылында орналасқан қайта өңдеуге жататын тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап жинаумен айналысатын жеке кәсіпкер Азимбаева Салия Рысханқызының жұмысымен танысты. 2019 жылы негізін қалап, казіргі таңда экологияны тазарту бағытында тиімді жобаны қолға алған кәсіпкер, жиналған қатты қалдықтарды айына бір рет Шымкент қаласына алып барып өткізетіндігін және жылына 90-100 тоннаға жуық қайта өңдеуге жататын тұрмыстық қатты қалдықтар жиналатынын айтып өтті. Алдағы уақытта пластмасса қалдықтарын ұсақтап турайтын аппарат алуды жоспарлап, қайтарымсыз грантқа жоба ұсынғанын тілге тиек етті. Өз қарамағында 4 адамды жұмыспен қамтып, қоршаған орта мен қоғамға пайдасын тигізіп отырған кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілейміз.

БІРЖАН САРЖАНОВ,

Созақ аудандық Қоғамдық кеңесінің «Әлеуметтік саланың дамуы, экологиялық ахуал және азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету бойынша» комиссияның мүшесі


ПІКІР ЖАЗУ