Арыс: биыл 1 678 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады

0

Биыл Арыс қаласы бойынша 1 678 оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Арыс қаласында Білім күніне орай 37 білім ордасында салтанатты шара ұйымдастырылды. Ал қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Б.Момышұлы атындағы № 11 жалпы орта мектепке барып, балалардың қуанышына ортақтасты.

Оқушылар мен ата-аналар және ұстаздар қауымы қатысқан мерекелік жиында қала әкімі көпшілікті Білім күнімен құттықтады.

«Бұл күн жаңа жобалар мен ізденістердің, жаңа идеялардың бастауы. Жаңа оқу маусымында білім беру сапасын арттыру үшін үлкен міндеттер нақтыланып, негізгі жоспар-жобалар іске асырылады. Осы мақсатта бүлдіршіндеріміздің терең білім мен өнегелі тәрбие алуына барынша жағдай жасалып келеді. Қазіргі кезде қаламызда 1 мектептің құрылысы басталып, екі мектепте қосымша оқу ғимараты салынуда. Одан бөлек, Ақдала мен Жиделі ауылында 240 және 120 орындық кітапхана мен клуб құрылысы жүргізілуде», – деді Гүлжан Мамытқызы.

Сондай-ақ, жиында сөз алған Арыс қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Әшімхан Момбеков биылғы оқу жылы «Білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік және отаншылдық» тақырыбында бірыңғай сынып сағатын өткізуден басталатынын атап өтті. Айта кетейік, Б.Момышұлы атындағы білім ордасы іргесі ертеректе қаланған үздік педагогтар легі қалыптасқан қаламыздағы қарашаңырақтардың бірі. 1 100 оқушы білім алатын бұл мектепте 114 үстаз еңбек етеді. Биылғы оқу жылында 86 оқушы осы оқу орнының табалдырығын алғаш аттады.

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ