Ордабасы ауданының әкімінің құттықтауы

0

Құрметті ұстаздар! Қымбатты оқушылар, қадірменді ата-аналар!

Сіздерді дәстүрлі жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын! Сыңғырлаған әсем қоңырау үнімен күздің алғашқы күнінде жаңа оқу жылы басталады. Бұл  ұстаздар мен оқушылар, ата-аналар үшін ерекше  толғанысқа тола күн.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім саласын қолдау үшін, мұғалімдерге балаларға сапалы білім мен тәрбие беру үшін тиісті мақсат, міндеттер қойып отыр. Әлемдік өркениетке бет алған бүгінгі қазақ елінің болашағы білім мен тәрбие алауын жаққан мектеппен тікелей байланысты. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» алтын ұя-мектеп әрбір азамат үшін қадірі биік мекеме.

«Ұстаздық етпес жалықпас үйретуден балаға» – деген ұлы Абай бабамыз. Сіздер жас ұрпақтың санасына сыналай енгізетін тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге өлшеусіз. Сіздер-жастардың болашағын айқындайсыздар, бүгін еккен дәндеріңіз ертеңгі жеңісті-жемісті күннің кепілі. Ұстаз болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды қалыптастырады.

Бүгінде ауданымызда бірінші сыныпқа 3 545 оқушы мектеп табалдырығын аттайды. Айтулы мереке қарсаңында Бадам ауылында «Қажымұқан» атындағы мектептің лентасы қиылғалы тұр. Жаңа мектеп жас өрендерді білімнің биік шыңына бастайтындығы анық. Биылғы жылдың өзінде 6 мектептің құрылысы жүргізілуде, жыл соңына дейін 4 мектеп (Төрткүл ауылындағы 300 орындық мектеп, Дербес ауылындағы С.Мұханов мектебі, Мақташы ауылындағы 200 орындық мектеп, Аққойлы елді мекеніндегі Ақбастау мектебі) пайдалануға беріліп, 2 мектептің құрылысы (Шұбарсу ауылындағы Арал-Эко алабынан 600 орындықмектебі мен Қызылжар елді мекеніндегі 300 орындық қосымша оқу корпусы) 2023 жылға пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, Президент Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес  тиісті заманауи техникалық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген, жаңа ұлттық жоба бойынша Н.Назарбаев зияткерлік мектебінің жабдықталуы негізінде «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп салу жоспарлануда.

Аталған бағдарлама аясында 4 мектеп еніп отыр. Бадам ауылы, Орда мөлтек ауданынан 1500, Темірлан ауылы Самал мөлтек ауданынан 1200, Шұбарсу ауылынан 2500 орындық жаңа мектеп және Ақбұлақ ауылындағы «Болашақ» мектебіне 300 орындық жаңа мектеп салыну жоспарлануда.

Сіздерді 1 қыркүйек- Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жас ұрпаққа сапалы білім саналы тәрбие берудегі қиындығы мол еңбекте тың табыстарға қол жеткізулеріңізге тілектеспін! Бүгінгі оқушылармыздың ата-бабамыздың елі мен жеріне деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, білімді әрі ой өрісі кең болып өсетіндеріне сенім білдіремін!

Білім күні құтты болсын!

Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов


ПІКІР ЖАЗУ