Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры
5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні. Мерекелі күнге орай Төлеби ауданында Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры» атты мерекелік іс-шара өтті.
Оған аудан әкімінің орынбасары С.Дүйсебаев қатысып, аудан жұртшылығын Қазақстан халқы тілдері күні мерекесімен құттықтады. Ол өз сөзінде, ауданымызда тұрып жатқан ұлттардың бірлік пен ынтымақта өмір сүруінің дәнекері өзара сыйластық пен құрметте екенін атап өтті. Ал қазақ тілінің мәртебесін асыру барлық этнос өкілдерінің ортақ міндеті екенін еске салып, мемлекеттік тілді құрметтеуге, оны жетік үйренуге шақырды. Сержан Дауылбайұлы сөзінің соңында бір топ тіл жанашырларын Алғыс хатымен марапаттады. Алғысқа бөленгендердің арасында «Ұлт ұстазымен үндесу» және «Мен қазақша сөйлеймін» онлайн акцияларының іріктелген жеңімпаздары да болды.
Тілдер мерекесінде аудандағы өзбек этно-мәдени орталығы көрме ұйымдастырса, неміс этно-мәдени орталығының өнерпаздары әннен шашу шашты. Қос орталық төрағалары Төлеби жұртшылығын мерекемен құтықтап, кеңпейіл қазақ халқына деген ризашылықтарын білдірді.
Сонымен қатар, тілдер мерекесіне Төлеби аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі де атсалысып, тақырыптық көрме ұйымдастырды. Ал Тілдерді оқыту және дамыту орталығы атқарылған жұмыстар жөнінде көрнекі буклеттер дайындап, орталықтың жұмысымен таныстырды. Кеш қонақтары көрмені тамашалап, жаңа мағлұматтарға қанықты.
Іс-шара барысында Отан, тіл, татулық туралы патриоттық әндер айтылды.