Отырар: мәжіліс депутаты қайнар абасов ауданда болды
Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Абасов Қайнар Бегалыұлы арнайы жұмыс сапарымен ауданда болды. Қонақты аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов пен аудан әкімінің орынбасары Ержан Оралбай, күтіп алып, ауданда атқарылып жатқан бірқатар жұмыстармен таныстырып өтті.
Халық қалаулысы алдымен Балтакөл ауыл округіндегі тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы қияр егіп, мол өнім алған «Әсілбек» шаруа қожалығын аралап көрді. Ондағы қайнаған жұмыс үстінде жүрген шаруалар тарапынан тыңайтқыш, ағын су және субсидияға байланысты мәселелерді сөз етті. Мұнан соң сол маңдағы тары-талқан өндірісін қолға алған «Батырбек» өндіріс цехының жұмысымен танысқан депутат балтакөлдіктердің негізгі кәсібі тары өндірісі жандандыруға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Депутат жұмыс сапары барысында Маяқұм ауыл округіне барып тұрғындармен, ауыл қарияларымен кездесті. Кездесуде тұрғындар әлеуметтік көмек алу, медициналық қызмет, жұмыссыздық, жайылымдық жер, суғармалы жерді игеру секілді бірқатар мәселелерді көтеріп, Қайнар Бегалыұлы әр сұраққа толыққанды жауап беріп, оны шешу бойынша тиісті жұмыс атқаратынын айтты.
Кездесу соңында аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов ауданымызға арнайы атбасын бұрып, шаруалар мен халықтың мұң-мұқтажын тыңдаған мәжіліс депутаты Абасов Қайнар Бегалыұлына аудан халқы атынан шынайы ризашылығын білдірді.