Түркістан облысында мемлекеттік рәміздерді насихаттау бағытындағы жұмыстар оң бағаланды

0

Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті. Жиында үш мәселе талқыланды.

Бірінші мәселе бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев баяндама жасады. Ол Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығының қорытындысы және ведомстволық наградалар және геральдикалық белгілер мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру жөніндегі  ұсыныстар туралы айтты. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Қазақстан республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мемлекеттік рәміздерді насихаттау мен қолдану саласындағы жұмыстар сараланды.

Комиссия отырысы күн тәртібінің үшінші мәселесі бойынша Алматы, Павлодар, Түркістан облысы әкімдіктерінің мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау жөніндегі тәжірибелері тыңдалды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыста осы бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Өздеріңізге белгілі, бұл жыл Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздерінің 30 жылдығын мерекелеумен ерекше. Аталған мереке шеңберінде облыста арнайы әзірленген іс-шаралар жоспарына сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде. 30 жылдық аясында Ордабасы ауданында «Рәміздер алаңы» ашылып, Кентау қаласы мен Төлеби, Қазығұрт аудандарында тутұғыр орнатылды. Облыстағы барлық алаңдар мен саябақтарда қалың жұртшылықтың қатысуымен Рәміздер күнін атап өту, патриоттық іс-шаралар өткізу, мемлекеттік қызметкерлер мен әскери қызметшілердің ант қабылдауы жыл сайынғы үрдіс ретінде қалыптасқан, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан өңірінде Мемлекеттік Рәміздердің 30 жылдығы мерекесін насихаттау мақсатында облыстағы 17 аудан, қаладағы 244 конструкцияда (билборд – 225, баннер – 7, лед-экран – 12) идеологиялық материалдар орналастырылған. Облыстық, аудандық және қалалық деңгейде патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылған.

25 мамыр — 6 маусым аралығында облыста мемлекеттік рәміздердің қолданылуы мен орналастырылуы бойынша мониторинг жұмыстары жүргізілді. Аудан, қалалардағы 300 мекеме зерделеніп, анықталған кемшіліктер жойылып, әдістемелік көмек көрсетілген.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ