Түркістан облысы әкімі аппаратына жаңа басшы тағайындалды
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әкім аппаратының басшылық құрамы мен басқарма басшыларына жаңа тағайындалған аппарат басшысын таныстырды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша және Түркістан облысы әкімінің өкімімен облыс әкімі аппаратының басшысы лауазымына Еркеғали Амантайұлы Әлімқұлов тағайындалды. Бұл қызметті осыған дейін атқарған Әуелхан Елтайұлы Тұрғымбеков зейнетке шығуына байланысты және басқа жұмысына ауысуына орай өз еркімен қызметінен босатылды. Облыс әкімі аппаратының алдында тұрған шешілуі тиіс мәселелерге тоқталған өңір басшысы тағайындалған аппарат басшысына жаңа міндеттер жүктеді.
– Ұзақ жылдар мемлекеттік салада абыройлы қызмет етіп келген Әуелхан Елтайұлына алғысымызды айтып, алдағы істеріне сәттілік тілейміз. Жаңа басшы осыған дейін де облыс әкімі аппараты басшысы болғанын білесіздер, сондықтан оның жинақтаған мол тәжірибесі алдағы жұмысына үлкен көмегі тиетін болады. Осыны ескере отырып, аппараттағы жұмыстарға терең талдау жасап, жұмыстың тиімділігін қамтамасыз етуді тапсырамын. Президент Әкімшілігі, Премьер-Министр кеңсесі және өзге де жоғары органдардан келіп түсетін тапсырмалардың, облыс әкімі тапсырмаларының уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді, аудан әкімдері мен облыстық басқармалардың арасында өзара іс-әрекеттестік деңгейін арттыруды тапсырамын, – деді әкім.
Еркеғали Әлімқұлов 1981 жылы 6 маусымда Төлеби ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары, мамандықтары: кеден ісі, құқықтану, экономика. Еңбек жолын 2003 жылы жылы ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі аймақтық бөлімшелердің жұмысын үйлестіру басқармасында жетекші маман ретінде бастаған. ҚР Индустрия және сауда министрлігі Бәсекелестікті қорғау комитетінде, Бәсекелестікті қорғау агенттігінде жұмыс істеген. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру бөлімінің мемлекеттік инспекторы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы, ҚР Парламенті Мәжілісінің ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі, Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы, ҚР Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры, «AMANAT» партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары болды. 2022 жылдың мамыр айынан бастап осы күнге дейін Астана қаласы әкімдігінің «Astana» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы болып қызметін атқарып келді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі