Түркістан: 400-ге жуық адам полиция қабылдауына келді
Түркістанда «Жолда қабылдау» акциясы өтті. Облыс полицейлері қабылдауға келген 400-ге жуық тұрғынға шетелдік көліктерді рәсімдеу шараларын түсіндіріп берді.
– 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елімізге әкелінген шетелдік көліктерді заңдастыру тапсырмасын орындау үшін Заң жобасы әзірленуде. Бұл шара ағымдағы жылдың 1 ақпанында басталып, одан әрі 6 айға жалғасады деген болжам бар, – дейді Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алмасхан Тастанбеков.
Түркістан облысында шетелдік автокөлік құралдарын тіркеуге өтінім Түркістан, Сарыағаш қалаларында, Сайрам ауданының Ақсукент ауылында орналасқан 3 арнайы ХҚКО-ға қабылданады. Іздестіру базалары бойынша құжаттар мен көлік құралын тексергеннен кейін автомобиль арнайы ХҚКО жанынан тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсынылады. Алғашқы алым, техникалық төлқұжат пен мемлекеттік нөмір үшін мемлекеттік баждар, сондай–ақ қажет болған жағдайда кедендік баждар төленеді. Тіркеу бекітілгеннен кейін авто иесіне қазақстандық техпаспорт және мемлекеттік нөмір беріледі.
Жоғарыдағы ақпаратты түсіндіру мен басқа да полицейлерге қатысты сұрақтар бойынша Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды «Азаматтарды қабылдау» кеңсесінде қабылдады. Екі күнге созылған шарада тәртіп сақшылары тұрғындардың сауалдарына құқықтық кеңес берді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі