«Арыс» футбол клубы бірінші лигада өнер көрсетеді
Футболдан Қазақстан біріншілігінің Екінші лигасында өнер көрсеткен «Арыс» футбол командасы өткен маусымды жақсы нәтижемен аяқтады.
Енді олар 2023 жылдан бастап Түркістан облысының намысын Бірінші лига клубтары қатарында қорғайтын болады. Команда өткен жылдың наурыз айында ғана құрылғанын есептесек, бұл үлкен жетістік.
Бүгін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова «Арыс» футбол клубы директоры Ерғазы Медетбековты қабылдап, спортшыларымыз биылғы маусымда да жеңісті жолды жалғастырып, жүлдегерлер қатарынан көрінеді деген сенім білдірді.
Өз кезегінде команда директоры көрсетілген барлық қолдау шаралары үшін қала әкіміне алғыс білдіріп, алға қойылған міндеттерді орындауға бар күш-жігерлерін жұмсап, үміт пен сенім үдесінен шығуға тырысатындарын жеткізді.
Сондай-ақ, қала әкіміне Қазақстан футбол одағының президенті Әділет Бәрменқұловтың футбол саласының өсіп-өркендеуіне мол еңбек сіңіргені үшін «Қазақстан футбол федерациясына – 30 жыл» төсбелгісін табыс етті.
Білікті бапкерлер мен футбол саласының мықты мамандары жаттықтыратын «Арыс» футбол командасына жаңа маусымда сәттілік серік болғай.