Шардарада болашақ математик өсіп келеді
Әлеуметтік желіде өзінің есепке деген зеректігімен танылып, елді сүйсінткен төрт жасар Купбай Ислам Қанатбекұлы, Түркістан облысы, Шардара ауданына қарасты Егізқұм елді мекеніндегі қарапайым отбасында дүниеге келген. Ислам – отбасындағы төртінші перзент, үйдің кенжесі.
Әкесі Сайтмамбетов Канатбек Көпбайұлының айтуынша, баласының бойындағы ә дегеннен қағып алатын құймақұлақ, зеректігі әкесінен дарыған болар деп топшылайды. Өйткені, Исламның атасы есепті шемішкеше шағатып, мықты математик болған екен. Тегінде, қанында бар қасиет ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, әйтеуір біреуіне бақ болып қонары аян. Бұл сөзді анасы Канарбаева Гүлнар да құптайды.
Оған қоса, ұядай ғана ауыл мектебіне баратын Исламның аға-әпкелері кілең беске оқитын озат оқушылар сапында. Бәлкім, дарынды баланың есепке деген жүйріктігі, сол бауырларының күнделікті сабаққа деген ыждаһатты қызығушылықтарынан жұққан болар. Қысқасы, болжам көп. Қалай десек те, қаршадай баланың өжеттігі мен қырағылығы, ой жүйріктігі мен зеректігі жұртты әлі таңқалдыру үстінде. Болашағынан зор үміт күттіріп отырған балғын бүлдіршіннің ерекше қабілетін байқаған көрші-қолаң, жанында бірге ойнап жүрген достары мына бейне таспаны қызық көріп түсіріп алған көрінеді.
Ислам бүгінде балабақшаға барып жүр. Кей күндері әлдене жақпай қалса, бұртиып, өзіне «демалыс» жариялап алатын балалығы да жоқ емес. Онысы өзіне жарасады. Тілі 3 жасында кеш шықса да, өзі қатарластарын басып озған Исламды ауылдастары: «Есеп шығаратын бала» деп атап кеткен. Оның өзінен де аты-жөнін сұрасаң, дәл осылай жауап қатады. Шындығында, Ислам есеп шығарудан еш мүдірмейді және онысына өзі де бек сенімді.
Міне, аядай ғана ауылда Ислам секілді қаншама дарынды, талантты қарадомалақтар жүр десеңізші?! Кім біледі, бәлкім қазақтың бір баласының ертеңгі күні аты әлемге әйгілі математик атануына осы бір әуесқой «видео» себеп болуы да мүмкін ғой?! Ия, есепсіз дүние жоқ. Есеп білген ұтылмайды. Қалай деген күнде де, жарығы бар бала, маңдайында жұлдызы бар бала ақыры көрінеді, жанады, жарқырайды!
Қазақ «алтын пышақ қын түбінде жатпас» деп тегін айтпаса керек-ті. Оны ерте ме, кеш пе елі таниды, төбесіне көтереді, асқақтатады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі