Түркістанның дендросаябағындағы жасанды көлдің құрылысы биыл аяқталады
Түркістандағы дендросаябақ еліміздегі ерекше демалыс орындарының біріне айналады. 28 гектарға жуық аумақта орналасқан саябақта жасанды көлдің құрылысы жалғасып жатыр. Көлдің жалпы аумағы – 12,7 гектар. Көлге 0,6 млн. текше метр су қабылдауға мүмкіндік бар. Мұнда қала тұрғындары мен саяхатшыларға қолайлы жағдай жасалмақ. Облыс әкімі дендросаябаққа барып, аталған жобаның жүзеге асырылу барысын қадағалады.
– Жасыл алқап – қаланың өкпесі. Дендросаябақта алдымен адамдардың таза ауада серуендеп, тынығуына мүмкіндік жасалуы тиіс. Жасанды көлдің құрылысын сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырамын. Әрбір нысанның құрылысы қадағалауда болады, – деді Дархан Сатыбалды.
Бүгінгі таңда жасанды көлдің жанынан жаяу жүргіншілер көпірі орнатылды. Әкімшілік-тұрмыстық ғимараты және екі фаст-фудтың кірпішін қалау жұмыстары жүруде. Сонымен қатар аббатандыру, ғимараттардың ішкі әрлеуі, көл айдыны аумағын қоршау, сыртқы желілер тарту және геомембранна төсеу жұмыстары қолға алынған.
Облыс әкімі одан кейін «Тұран» тұрғын үй кешеніндегі 7 қабатты 32 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Бұл аумақта 13 компания жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі таңда 32 тұрғын үйдің басым бөлігінің қабырғалары толық тұрғызылған. Ішкі әрлеу және қасбет орнату жұмыстары жүргізілуде. Нысандар құрылысына 600-ге жуық жұмысшы жұмылдырылған.
Әкімшілік-іскерлік орталығы аумағындағы паркингі бар 20 қабатты тұрғын үй мен әкімшілік ғимараты бар 20 қабатты тұрғын үйдің құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Оның біреуінің құрылысы шілдеде аяқталса, екіншісі жыл соңында тапсырылады деп көзделген. Паркингі бар үйдің құрылыс-монтаж жұмыстары 65%-ға аяқталған. Сыртқы фасад – 95% дайын. Өңір басшысы тұрғын үйлер тұрғындар үшін жайлы әрі өмір сүруге қолайлы болуы керектігін айтты. Мердігерлерге үйге қатысты әрбір жұмысты талапқа сай атқаруды тапсырды. Түркістандағы ең биік қос ғимарат қаланың тұрғын үй қорын молайтып қана қоймай, сәулетіне сән қосады деп күтіліп отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі