Стратегиялық құрылыс нысандарын аралады

0

Жедел басқару орталығы ішкі істер органдарындағы алдыңғы қатарлы құрылым болып есептеледі. Түркістан қаласында салынған облыстық полиция департаментінің жаңа ғимаратының жанында орналасқан орталық еліміздегі ең ірі кешеннің біріне айналмақ. Соңғы үлгідегі 126 монитор орнатылған орталық бүкіл облысты қамтуға қауқарлы. Ол сондай-ақ, барлық білім ұяларын да қадағалайды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды құрылысы аяқталған жаңа ғимараттың жұмысымен танысты.

– Түркістанды Түркі әлемінің орталығына айналдыру бағытында қызу жұмыстар жүріп жатыр. Саяхатшылар көп келіп, Түркістан туристік орталыққа айналсын десек, қалада қауіпсіз орта қалыптасуы тиіс. Бұл үшін осы ғимараттың маңызы зор. Тәртіп сақшылары соңғы технологияларды меңгеріп, Түркістанда қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік жоғары деңгейде болуы қажет, – деді Дархан Амангелдіұлы.

Техникалық қамтамасыз етілген құрылымда полицияның қызметі басталып, маңызды міндеттер атқарылады. Жұмыстың қайнар көзі саналатын орталықта «102» желісіне соғылатын қоңыраулар қабылданады. Әрбір қоңыраудың артында үлкен командалық қызмет тұр. Ғимараттың жалпы ауданы – 3 гектар.

Бұл күні өңір басшысы Түркістандағы бірқатар стратегиялық маңызды құрылыс алаңдарындағы жұмыс барысымен танысты. Облыстық полиция департаменті ғимараттары кешенінің құрылысы аяқталды. Техникамен жабдықталып, жиһаздары орнатылуда. Ғимарат таяуда пайдалануға беріледі. Төрт қабатты ғимараттың ауданы – 15 365 шаршы метр.

470 адамға арналған полиция департаменті ғимаратының жалпы жер көлемі – 4000 шаршы метр. Ғимарат бірнеше блоктан тұрады. Мәжіліс залымен, спорт алаңшасымен, 30 көлікке арналған арнайы тұрақпен қамтылған.


ПІКІР ЖАЗУ