Арыста тасқын судың алдын алу жұмыстары алдын ала жүргізілген
Кеше шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекова қала аумағындағы су тасқыны қаупі бар учаскелерді аралап, қарғын суға қарсы атқарылып жатқан шараларды бақылады. «Стадион» тұрғын ауданындағы ең ірі тасқын суды өткізетін «Қабылсай» жырасының жағалауларын нығайту жұмыстарымен танысты.
Жыраға жақын орналасқан тұрғын үй иелерімен тілдескен қала басшысы мамандардың ұсыныстарын тыңдап, жауапты басшыларға жүргізіліп жатқан іс-шараларды ерекше бақылауға алуды және су тасқынына қарсы жұмыстарды қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, бұған дейін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес «Қабылсай» жырасы қаумалап өскен ағаш-бұталар мен тұрмыстық қалдықтар тазартылған болатын. Соның нәтижесінде қарғын су жыраның сағасымен қалыпты ағып, Арыс өзеніне құйылып жатыр. Қазіргі таңда жырадағы судың деңгейі төмендеп, қауіптің беті сейілді.
«Тасқын су — тілсіз жау. Біз алдын-ала «Қабылсай» жырасын ағаш-бұталардан тазартып, Қызылкөпірдегі Бөген өзені жағаларын бекітіп, табанын тереңдеттік. Сондай-ақ Монтайтастағы арық-атыздарды тазартып, мұзын жару арқылы үлкен қауіптің алдын алдық. Бірақ босаңсуға болмайды. Барлық қызметкерлерге ахуалды тәулік бойы назарынан тыс қалдырмауды тапсырамын», деді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.
Қазіргі таңда Монтайтас ауылдық округінде су басу қаупі бар арық-атыздар мен жыраларды арнайы техника көмегімен тазалап, бөгеттер қою арқылы су қалыпты деңгейде ағып жатыр.
Ал Қызылкөпір елді мекенінде орналасқан Бөген өзені жағалары бекітіліп, суды қауіпсіз аймаққа бұру жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, Арыс қаласы бойынша суды қашыртуға барлығы 400-ге жуық адам, 22 бірлік техника, 15 мотопомпа жұмылдырылған. Оның ішінде, №44859 әскери бөлімінің 200 сарбазы көмек көрсетті. Ал, «Қолғабыс» қоғамдық қоры бастаған, қаланың жомарт кәсіпкерлері қостаған қайырымды жандар тасқын судың алдын алумен айналысқан азаматтарға ыстық тамақ ұйымдастырды.
Қазіргі таңда Төтенше жағдай бөлімі мен әкімдік қызметкерлері су тасқынының алдын алу бойынша үздіксіз мониторинг жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек, су тасу қаупі бар учаскелерде, көпірлерде, өткелдерде тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі