Түркістан: Созақта ұлттық жоба аясында мүгедектігі бар 236 азамат жұмыспен қамтылды
Түркістан облысы, Созақ ауданында 2022 жылы кәсіпкерлікті дамытудың «2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы» шеңберінде мүгедектігі бар 90 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, 236 азамат жұмыспен қамтылды. Атап айтсақ, тұрақты жұмыс орындарына 82 адам, әлеуметтік жұмыс орнына 2 адам, жастар практикасына 4 адам, қоғамдық жұмыстарға 83 адам, бизнес бастау жобасы бойынша 43 адам, мемлекеттік грантқа 14 адам, қысқа мерзімді оқуға 4 адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен 1 адам, «Күміс жас» жобасымен 3 адам қамтылды.
Ұлттық жоба аясында аудан көлемінде жалпы саны 2700 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, 4440 адам қамтылды. Бұл туралы Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Қоғамдық кеңес отырысындағы есебінде баяндады. Сондай-ақ өткен жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстар барысына тоқталып, алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті.
Жиынды аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Сапаров ашып, жүргізіп отырды. Қоғамдық кеңес отырысына аудан әкімдігінің тиісті бөлімдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында Созақ ауданының аумағында сайлау учаскелерін құру шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы аудан әкімі аппаратының заң бөлімінің басшысы Т.Жұмабаев баяндады. Аудандық қоғамдық кеңестің 2023 жылдық жоспарын бекіту туралы Созақ ауданының қоғамдық кеңес төрағасы М.Сапаров хабарлады.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша қоғамдық кеңес мүшелері аудан әкіміне бірқатар мәселелер төңірегінде өздерінің ой-пікірлерін білдірді. Аудан басшысы сауалдар мен ұсыныс-пікірлерге тиісінше жауап беріп, бірқатарын алдағы күнгі жұмыс жоспарына енгізіп, назарға алатынын айтты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі