Түркістан: Бәйдібекте «Ауыл – ел бесігі» жобасымен дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр

0

Бәйдібек ауданының әкімі Ержігіт Шәріпбеков Ағыбет ауылында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында құрылысы жүргізіліп жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты.

Аудан әкімі аталған спорт кешенін аралап, нысанның құрылысын жүргізіп жатқан мердігер мекеменің басшысымен кездесті. Құрылыстың сапасына мән беруді ескертіп, наурыз айына дейін толық аяқтауды, жауапты бөлімдерге бақылауға алуды тапсырды.

Спорт кешенінің аумағы – 60 га. Жобаға сәйкес нысанда бір ауысымда 20 оқушы жаттығады. Жаттықтырушы залы, киім ауыстыру мен жуынатын және медпункт, құрал-жабдықтар сақтайтын бөлмелері қарастырылған. Тұрақты жұмыспен 4 адам қамтылатын болады.

Құрылыс жұмыстары биыл наурыз айында аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беру жоспарлануда. Есіркеп батыр атындағы жалпы орта мектебінің спорт залы мен бір бөлмесін пайдаланып жатқан ағыбеттік 100-ден аса жасөспірім осы жылы жаңадан іске қосылатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде спорттың бірнеше түрінен шынығып, шыңдалатын болады.

Ағыбет ауылының тұрғындары құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан спорт кешені салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін, жастарды бұқаралық спортқа тартатын тәрбие ошағы болатынына сенімді.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі


ПІКІР ЖАЗУ