Түркістан: Дархан Сатыбалды тұрғындардың өтініштері бойынша қабылдау өткізді

0

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бірнеше тұрғынды жеке мәселелері бойынша онлайн режимде қабылдады. Қабылдауға сонымен бірге облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдары мен басқарма басшылары қатысты.

– Ел Президенті «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруды тапсырды. Бұл ретте тұрғындардың әрбір өтініші ескерусіз әрі жауапсыз қалмауы тиіс. Заң шеңберінде түсіндіру және қолдау жұмыстары атқарылуы қажет, – деген Дархан Сатыбалды Сарыағаш, Шардара, Сайрам, Түлкібас және Қазығұрт ауданы тұрғындарының арыз-шағымдарын тыңдады.

Сарыағаштық тұрғын асфальт төсеу, жолды жөндеу мәселесін қозғады. Көшеге газ, су құбырлары тартылғандықтан жол төселмеген. Ал тағы бір тұрғын Шардара ауданында суармалы жер беру, шалғай ауылға емдеу мекемесін салу жөнінде өтініш айтты. Өтініш иелеріне заң аясында түсініктеме берілді. Облыс әкімі жауапты басқарма басшысына Сарыағаштағы тұрғын айтқан аумақта жол мәселесін зерделеу туралы тапсырма берді. Шардарадағы суармалы жер мәселесі де шешімін табатыны, конкурсқа берілетіні айтылды.

Сайрамдық тұрғын аудан орталығындағы алаңның құрылысы сапасыз жүргізілгені және мектептегі заңсыздық туралы шағымданды. Өңір басшысы құрылысты сараптап, мердігердің жұмысын тексеру жөнінде тапсырма берді. Мектептегі директорға қатысты шағым да тексерілетін болды. Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасына нақты тапсырма берілді. Аталған басқарма басшысына түлкібастық тұрғынның балабақша меңгерушісіне байланысты шағымы бойынша да жұмыс жүргізу, зерделеу міндеттелді. Сонымен бірге үш мәселе көтерген қазығұрттық тұрғынның өтініштері мен ұсыныстары да назарға алынатын болды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


ПІКІР ЖАЗУ